Оқиғалар

Индустриялық байланыстың жаңа кезеңі

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқа төрағасы Қанат Шарлапаевтың Өзбекстанға үш күндік жұмыс сапары аясында ұйымдастырылған форумға екі елдің мемлекеттік органдары, бизнес қауымдастығы, салалық бірлестіктері мен даму институттарының өкілдері қатысты.

индустрия

 Кездесуде тараптар сауда көлемін арттырумен қатар, бірлескен өндірістер құру, инвестиция тарту және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға басымдық беру мәселелерін талқылады.

Жиында Қанат Шарлапаев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық ықпалдастықтың негізгі қозғаушы күші кәсіпкерлік қауымдастық екенін атап өтті. Оның пікірінше, қазіргі кезеңде өзара сауда көлемін ұлғайтумен шектелмей, бірлескен инвестициялық жобалар мен заманауи өндірістік тізбектер қалыптастыру маңызды. Екі ел арасындағы сауда көрсеткіштері де бұл бағыттағы әлеуеттің жоғары екенін аңғартады. 2025 жылдың қорытындысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 16,2%-ға өсіп, 4,8 млрд долларға жетті. Оның ішінде Қазақстан экспорты 24,6%-ға артып, 3,52 млрд долларды құрады. Ал 2026 жылдың алғашқы бес айында өзара сауда көлемі 2,3 млрд долларға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,2%-ға өсті.

Қазір Өзбекстан Қазақстанның Орталық Азия елдерімен жүргізетін саудасының 55%-дан астамын қамтамасыз етеді. Бұл көрсеткіш көршілес екі ел экономикасының бір-бірін толықтыру мүмкіндігі жоғары екенін көрсетеді.

Форумда «Атамекен» тарапынан алдағы ынтымақтастықтың үш негізгі бағыты ұсынылды. Біріншісі – шикізатқа қолжетімділікті қамтамасыз ету және металлургия, химия өнеркәсібі, полимерлерді өңдеу мен тұйық циклді экономика салаларындағы өндірістік кооперацияны кеңейту. Екінші бағыт – сауда мен логистиканы цифрландыру. Атап айтқанда, цифрлық «бір терезе» жүйесін енгізу, теміржол тасымалын жетілдіру, кедендік және фитосанитариялық рәсімдерді оңтайландыру көзделіп отыр. Үшінші бағыт – өзара инвестицияны көбейтіп, бірлескен өндірістер ашу. Бұл ретте энергетика, машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен және өңдеу өнеркәсібі басым салалар ретінде қарастырылды.

Форум аясында нақты іскерлік келісім де жасалды. Өзбекстанның Glasfit Energy компаниясы мен «Қазақстандық арматуралық-оқшаулағыш зауыты» ЖШС жоғары вольтты электр жеткізу желілеріне арналған өнімдерді жеткізу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат екі ел арасындағы өндірістік кооперацияны кеңейтіп, қазақстандық өнімнің Өзбекстан нарығына шығу мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Сапардың іскерлік бағдарламасы кәсіпорындарды аралаумен де жалғасты. Қазақстандық делегация Zelal Textile тоқыма компаниясының, ARCA Mebel жиһаз орталығының, TEXNOPARK өнеркәсіп кешенінің және CRAFERS кондитерлік фабрикасының жұмысымен танысты. Кездесулерде технология алмасу, өндірістік кооперация және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктері сөз болды. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда көлемінің соңғы жылдардағы өсімі енді ынтымақтастықтың сапалық тұрғыдан жаңа кезеңіне жол ашып отыр. Келесі міндет – тауар айырбасын арттырумен ғана шектелмей, екі ел кәсіпорындарын ортақ өндірістік тізбектерге біріктіру. Бұл өз кезегінде Орталық Азиядағы экономикалық ықпалдастықтың тереңдеуіне ықпал етуі мүмкін.

С.Бақберген

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз