ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ТҰРҒЫНДАРДЫҢ 20 ПАЙЫЗЫН ҚАМТУ ЖОСПАРЛАНУДА
Ұлытау облысы әкімдігі мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Ұлытау облысында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және өскелең ұрпақтың рухани-танымдық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастама қолға алынды. Ұлытау облысы әкімдігі мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Құжатқа Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев пен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков қол қойды.
Ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонын Ұлытау облысында бірлесіп жүзеге асыру, кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау, кітап оқитын орта қалыптастыру және қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыру.
Бұл бастама Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту, білімге құштарлықты арттыру және зерделі ұлт қалыптастыруға бағытталған Жарлығын іске асырудың маңызды тетіктерінің бірі болмақ.
Кітап оқу мәдениетін дамыту бастамасының дәл Ұлытауда қолға алынуының символдық мәні зор.
Ұлытау – қазақ тарихының талай тағдырлы кезеңіне куә болған, ұлттың тарихи жадында айрықша орны бар қасиетті мекен. Бұл өлкенің әрбір тарихи нысаны ұрпақты өткенді тануға, одан тағылым алуға және болашаққа бағдар жасауға үндейді.
«Ұлытау – халқымыздың тарихи жады мен рухани болмысы тоғысқан қасиетті мекен. Осындай жерде кітап оқу мәдениетін дәріптеу – өткенімізді тану мен келешегімізді кемелдендірудің сабақтастығын қалыптастырады. Біз үшін «Кітап оқитын ұлт» марафоны – жай ғана кітап оқу акциясы емес, білімді, ойлы және отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған маңызды қоғамдық бастама. Ұлытау облысы бұл жұмысты жүйелі түрде қолдауға дайын», – деді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев.
Өз кезегінде қоғамдық қор төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков Ұлытаудың тарихи-мәдени әлеуеті кітап оқу мәдениетін насихаттауға айрықша мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Зерделі ұлт қалыптастыру – бір күннің немесе бір жобаның міндеті емес. Бұл – қоғамның ойлау мәдениетін өзгертетін ұзақ мерзімді үдеріс. Ұлытау секілді қазақ тарихының алтын арқауы саналатын өңірде бұл бастаманың жүзеге асуы біз үшін ерекше маңызды. Осы бағытта Ұлытау облысымен нәтижелі әрі мазмұнды серіктестік орнайтынына сенімдіміз», – деді Бақытжан Тұрлыбеков.
Меморандум аясында кітап оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған түрлі қоғамдық-ағартушылық іс-шаралар, оқырмандық бастамалар мен марафонның өңірлік кезеңдері ұйымдастырылмақ.
Жобаны іске асыруға Қазақстан Жазушылар одағы, Креативті индустрияларды дамыту қоры және Yandex Qazaqstan компаниясы «Яндекс Кітаптар» сервисімен бірлесіп қатысуда.
Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.