Аймақ

Инвестиция мен жұмыспен қамту: Түркістанның даму бағдары

Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы ең алдымен өңірлердің даму қарқынына тікелей байланысты. Өйткені әрбір аймақтың инвестициялық белсенділігі, өндірістік әлеуеті, кәсіпкерлік ортасының дамуы, халықты жұмыспен қамту деңгейі мен әлеуметтік әл-ауқаты тұтас мемлекеттің экономикалық көрсеткіштеріне әсер етеді.

инвестиция

 Осы тұрғыдан алғанда халықты тұрақты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу, еңбек нарығындағы теңгерімді сақтау және әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру өңірлік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі саналады. Түркістан облысында аталған бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері мен алдағы міндеттері облыс әкімі төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте кеңінен талқыланды. Жиында өңірлік жұмыспен қамту картасының орындалу барысы сараланып, жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктерінің қызметіне жан-жақты талдау жасалды.

Облыс басшысы жиын барысында жұмыспен қамту саласындағы көрсеткіштерді сапалы орындаудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, жұмыспен қамту мәселесі тек статистикалық көрсеткіштерді орындаумен шектелмейді, бұл халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және экономикалық белсенділікті күшейтуге бағытталған кешенді міндеттердің бірі болып табылады. Осыған байланысты облыс басшысы жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды белгіленген мерзімде жүзеге асыруды, жаңа өндірістерді іске қосуды, тұрақты жұмыс орындарының санын арттыруды және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған нақты шараларды күшейтуді тапсырды. Облыс әкімі 2026 жылға арналған жұмыспен қамту индикаторларының уақытылы әрі сапалы орындалуы басты міндеттердің қатарында екенін атап өтті. Сонымен бірге өңір экономикасына қосымша инвестиция тарту арқылы жаңа тұрақты жұмыс орындарын көбейту қажеттігін жеткізді. Оның пікірінше, қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстармен қатар бірқатар бағыттарда кемшіліктер де байқалады. Мәжілісте Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлының есебі тыңдалды. Баяндамашы өңірдегі еңбек нарығының қазіргі ахуалына тоқталып, жұмыспен қамту бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен бағдарламалардың орындалу көрсеткіштерін баяндады. Берілген мәліметтерге сәйкес, биыл Түркістан облысында облыс әкімі бекіткен Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында жалпы саны 74 516 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның ішінде 54 483 тұрақты жұмыс орны және 20 033 уақытша жұмыс орны көзделіп отыр. Бұл көрсеткіштер өңірдегі еңбек нарығын тұрақтандыруға, халықтың табысын арттыруға және жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге бағытталған маңызды шаралардың бірі саналады.

2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша облыста 35 539 жұмыс орны ашылған. Оның 19 100-і тұрақты жұмыс орындары болса, 16 439-ы уақытша жұмыс орындары ретінде тіркелген. Сонымен қатар ашылған тұрақты жұмыс орындарына 14 507 азамат жолданған. Ал субсидияланатын жұмыс орындарына тартылған азаматтардың саны 16 027 адамды құраған. Бұл көрсеткіштер еңбек нарығында халықты белсенді жұмыспен қамту шараларының жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді. Жұмыспен қамту бағытындағы маңызды құралдардың бірі ретінде ұлттық жобалар мен мемлекеттік тұжырымдамалар аясында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар да ерекше назарға алынды. Биыл өңірде жалпы саны 284 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру арқылы 2 465 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазіргі таңда олардың 105-і жүзеге асырылып, нәтижесінде 935 жаңа жұмыс орны құрылған. Инфрақұрылымдық жобалар тек уақытша жұмыспен қамтуды қамтамасыз етіп қана қоймай, болашақта өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері де қаралды. Аталған тапсырма өңірлердегі еңбек нарығын кеңейтіп, халықтың экономикалық белсенділігін арттыруды көздейді. Осы бастама шеңберінде Түркістан облысында бүгінгі күнге дейін 4 070 жаңа жұмыс орны ашылған. Жұмыспен қамтудың белсенді шаралары да өз нәтижесін беріп жатыр. Жыл басынан бері 16 мыңнан астам азамат субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған. Олардың қатарында жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар және «Күміс жас» жобасы секілді бағдарламалар бар. Бұл бастамалар еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілікті арттыруға, жастардың алғашқы еңбек тәжірибесін қалыптастыруға, зейнет жасына жақындаған азаматтардың жұмыспен қамтылуына және әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды қолдауға бағытталған.

Жиын барысында әлеуметтік қолдау шараларының орындалу деңгейі де егжей-тегжейлі сараланды. Әлеуметтік қорғау жүйесі халықтың әл-ауқатын арттыруда және тұрмысы төмен азаматтарды қолдауда маңызды рөл атқарады. Биыл облыс бойынша 59 мыңнан астам адамды атаулы әлеуметтік көмекпен қамту жоспарланған. Ал 1 маусымдағы жағдай бойынша 42 771 азаматқа немесе 6 875 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Бұл көрсеткіштер әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың мемлекет қамқорлығымен қамтылып отырғанын көрсетеді.

Өңірдегі кедейлік деңгейі де арнайы талқыланды. Ресми мәліметтерге сәйкес, қазіргі уақытта Түркістан облысында кедейлік деңгейі 2 пайызды құрап отыр. Жоспарланған көрсеткіштің орындалуы қамтамасыз етілгенімен, бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру қажеттігі атап өтілді. Себебі халықтың табысын арттыру, әлеуметтік теңсіздікті азайту және еңбек арқылы әл-ауқатты көтеру мәселелері өңірлік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі болып қала береді. Мәжілісте ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы да қаралды. Бұл жоба ауылдық аумақтардағы кәсіпкерлікті дамытуға, тұрғындардың өз кәсібін ашуына және жаңа жұмыс орындарының құрылуына ықпал ететін маңызды мемлекеттік бастамалардың бірі болып саналады. Президент тапсырмасына сәйкес 2026-2029 жылдар аралығында жобаға 217 мыңнан астам ауыл тұрғынын тарту жоспарланған. Мұндай ауқымды міндет ауылдық жерлердегі экономикалық белсенділікті күшейтіп, халықтың өзін-өзі жұмыспен қамту деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Биыл аталған жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 15,3 млрд теңге көлемінде қаржы тартылған. Бұл қаражат есебінен 1 115 жобаны қаржыландыру көзделіп отыр. Сонымен бірге 1 400 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Мамандардың пікірінше, ауылдық кәсіпкерлікті қолдау өңір экономикасының әртараптануына, жаңа өндірістердің қалыптасуына және ауыл халқының өмір сүру сапасының жақсаруына оң ықпал етеді.

Жиын қорытындысында облыс әкімі жұмыспен қамту саласындағы көрсеткіштердің орындалуы әрбір әкім мен басқарма басшысының қызмет тиімділігін бағалайтын негізгі өлшемдердің бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты жоспарлы индикаторларды орындауда кемшілікке жол берген аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына сын-ескертпелер айтылды. Нұралхан Көшеров белгіленген межелердің толық орындалуы қамтамасыз етілуге тиіс екенін ескертіп, көрсеткіштерді орындамаған басшылардың жауапкершілігі қаралатынын мәлімдеді. Облыс басшысы барлық жауапты құрылымдарға жұмыспен қамту бағытындағы жоспарланған міндеттердің толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар тәуекел аймақтардағы көрсеткіштерді жақсарту, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуын жеделдету, тұрақты жұмыс орындарының санын көбейту және әлеуметтік бағдарламалардың тиімділігін арттыру жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Өңір экономикасының тұрақты дамуы мен халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру жолындағы жұмыстар алдағы уақытта да бақылауда болатыны атап өтілді.

Сәруар Бақберген

Түркістан облысы

Тегтер: Инвестиция
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз