Иран АҚШ-тан жаңа бейбіт келісім алғанын мәлімдеді
Иран билігі АҚШ-тан жаңа бейбіт келісім жобасын алғанын хабарлады.
Бұл туралы Ислам революциясы сақшылар корпусымен байланысты Tasnim агенттігі жазды.
Агенттік мәліметінше, Вашингтон құжатты Иранға екі тарап арасындағы делдал қызметін атқарып отырған Пәкістан арқылы жеткізген.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп егер Тегеран бейбіт келісім шарттарын қабылдамаса, Вашингтон Иранға қарсы соққыларды жалғастыруға дайын екенін айтқан еді. Сонымен қатар ол «дұрыс жауап алу» үшін бірнеше күн күтуге дайын екенін мәлімдеді.
Ай басында Иран АҚШ-қа соғысты тоқтату және бейбіт келіссөз бастау жөніндегі 14 тармақтан тұратын өз жоспарын жолдаған болатын. Оның ішінде Иранға шабуыл жасамау кепілдігі, Ормуз бұғазындағы иран порттарына қойылған блокаданы алып тастау, бұғатталған активтерді қайтару және америкалық әскерді Таяу Шығыстан шығару талаптары бар.
Алайда Трамп бұл ұсынысты қабылдауға болмайды деп атап, қарсы талаптар қойған. АҚШ Ираннан репарациядан бас тартуды, бұғатталған активтердің тек 25 пайызын ғана ашуды, 400 келі байытылған уранды АҚШ-қа беруді және елде тек бір ядролық кешеннің жұмыс істеуін талап еткен.
Axios басылымының жазуынша, Трамп бұл мәселені Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен де талқылаған. Дереккөздердің айтуынша, Нетаньяху Иранмен келіссөз жүргізуге күмәнмен қарап, соғысты жалғастыруды қолдайды.