Қоғам

Иран Кувейт әуежайына соққы жасады

Кувейт халықаралық әуежайы ирандық зымырандар мен дрондардың шабуылынан кейін рейстерді қабылдау мен жөнелтуді уақытша тоқтатты. Бұл туралы KUNA мемлекеттік агенттігі Азаматтық авиация бас басқармасына сілтеме жасап хабарлады.

соққы

Мәліметке сәйкес, шабуыл кезінде ел астанасы үстіндегі әуе кеңістігінде қақтығыс тіркеліп, әуежай аумағында бірнеше жарылыс болған. Негізгі соққы жолаушыларға қызмет көрсететін Т1 терминалына тигені айтылды.

Алдын ала ақпарат бойынша, әуежай инфрақұрылымының бірқатар нысаны зақымданған. Билік зардап шеккендердің бар екенін растағанымен, олардың нақты саны мен денсаулық жағдайы әзірге жарияланған жоқ. Оқиға орнында құтқарушылар мен жедел жәрдем қызметтері жұмыс істеп жатыр. Қауіпсіздік мақсатында Кувейтке бағытталған барлық рейстер көрші мемлекеттердің балама әуежайларына бағытталуда.

БАҚ мәліметінше, бұл оқиға АҚШ пен Иран арасындағы шиеленістің күшеюі аясында орын алған. Бұған дейін америкалық күштер Иранның оңтүстік жағалауындағы нысандарға соққы бергенін мәлімдеген. Өз кезегінде Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы америкалық әскери базаға жауап ретінде шабуыл жасағанын хабарлаған.

Соңғы апталарда Кувейт әуе кеңістігінде дрондардың белсенділігі артқаны тіркелген. Қазір ел билігі келтірілген шығын көлемін бағалап, қауіпсіздік мәселелері бойынша шұғыл кеңес өткізуде. Аймақтағы жағдайдың одан әрі қалай өрбитіні әзірге белгісіз.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз