Әлеумет

Иран үлкен соғысқа дайындалып жатыр – WSJ

Иран АҚШ-пен бейбіт келіссөздер жүріп жатқанына қарамастан, әлдеқайда ауқымды әрі ұзақ соғысқа дайындық жүргізіп жатыр.

Иран АҚШ

Тегеран зымыран инфрақұрылымын қалпына келтіріп, әскерін күшейтіп, аймақтағы одақтас қарулы топтармен бірлескен әрекеттерге әзірленуде. Ал 17 тамызда Иран билігінің өкілі келіссөздер нәтиже бермесе, елдің «толық шабуылдаушы» әскери стратегияға көшетінін мәлімдеді.

The Wall Street Journal дерегінше, Иран басшылығындағы қатаң бағытты ұстанатын күштер соңғы екі айды АҚШ және оның Таяу Шығыстағы одақтастарымен болуы ықтимал жаңа әрі ауқымды соғысқа дайындалуға пайдаланған. 

Басылымның Иран және араб елдеріндегі дереккөздерінің айтуынша, Тегеран АҚШ-пен келіссөздерге толық сенбейді. Иран басшылығы Вашингтон мен Израиль уақытша тыныштықты өз күштерін қайта жинақтап, кейін Иранға жаңа әрі қуатты соққы жасау үшін пайдалануы мүмкін деп қауіптенеді.

Сондықтан Тегеран бейбіт келіссөздермен қатар әскери дайындықты да күшейткен.

WSJ мәліметінше, Иран зымыран инфрақұрылымын қалпына келтіріп, қарулы күштерін жаңа қақтығысқа дайындап жатыр. Араб барлау қызметтері Иран мен оның Йемен және Ирактағы одақтас қарулы топтары арасындағы байланысты да тіркеген. Ал Иран басшылығында соғысты кеңейтіп, АҚШ пен оның аймақтағы одақтастарына түсетін шығынды арттыру стратегиясы талқыланып жатыр.

Басылымның жазуынша, Тегерандағы кейбір күштер енді тек қарсы шабуыл жасау емес, қарсыластың аумағындағы нысандарға бағытталған шабуыл операциялары туралы да ашық айта бастаған.

Иран «толық шабуылға» көшуі мүмкін

17 тамызда жағдай одан әрі шиеленісті. Reuters агенттігі Иран АҚШ-пен тұрақты бейбіт келісімге қол жеткізу әрекеттері нәтиже бермеген жағдайда әскери стратегиясын өзгертуге дайын екенін хабарлады.

Иранның жоғары лауазымды өкілінің сөзінше, Тегеран қорғаныс стратегиясынан «толық шабуылдаушы» әскери позицияға көшуі мүмкін. Иран тарапы дипломатия сәтсіз аяқталған жағдайда АҚШ-тың теңіз блокадасын бұзу үшін нақты әскери соққылар жасауға дайын екенін де ескерткен. 

Бұл мәлімдеме АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің тығырыққа тірелген тұсында жасалды. Вашингтон уақытша бітімді ұзартудан бас тартып отыр. Ал Тегеран тараптар бұған дейін қол жеткізген уағдаластықтарды АҚШ орындамай отыр деп есептейді. 

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған да жағдайдың күрделенуіне байланысты АҚШ президенті Дональд Трампты Иранмен келіссөзді жалғастыруға шақырды. Анкара тараптар арасындағы дипломатиялық процеске көмектесуге дайын екенін білдірген.

Ормуз
Фото: Getty images

 

Ормуз бұғазы жаңа қақтығыстың орталығына айналуы мүмкін

АҚШ пен Иран арасындағы текетірестің ең қауіпті нүктелерінің бірі – Ормуз бұғазы.

Бұл бағыт әлемдік мұнай тасымалы үшін стратегиялық маңызға ие. Соңғы айлардағы соғыс пен өзара блокада салдарынан бұғаз арқылы өтетін мұнай көлемі айтарлықтай төмендеді. Reuters мәліметінше, қазіргі дағдарыс мұнай нарығына ұзақ мерзімді қауіп төндіріп отыр. 

Иран Ормузды қайта ашуға байланысты келісім аясында АҚШ әскери кемелерінің бұғаз арқылы өтуіне шектеу қоюды талап етіп отыр. WSJ мәліметінше, бұл Тегеранның АҚШ-тың Парсы шығанағындағы әскери ықпалын әлсірету стратегиясының бір бөлігі болуы мүмкін. 

Ал Вашингтон мұндай талаптарды қабылдауға ниетті емес.

Осыған байланысты Ормуз бұғазындағы текетірес жаңа әскери эскалацияның негізгі ошағына айналуы ықтимал.

Мұнай бағасы көтеріле бастады

АҚШ пен Иран арасындағы бейбіт келіссөздердің тоқырауы әлемдік мұнай нарығына да әсер етті.

17 тамыздағы сауда қорытындысында Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 90,87 долларға дейін көтерілді. Reuters мұнай бағасының бір күнде 2 доллардан астам қымбаттауын Иран төңірегіндегі жағдайдың шиеленісуімен және Ормуз арқылы мұнай жеткізуге төнген қауіппен байланыстырды. 

Агенттік мәліметінше, бұғаздағы кеме қозғалысы да күрт сиреген. Қалыпты жағдайда әлемдік энергетика нарығы үшін аса маңызды саналатын бұл бағыттағы ұзақ мерзімді дағдарыс мұнай бағасын одан әрі көтеруі мүмкін.

Ауқымды соғыс бастала ма?

Әзірге Иранның міндетті түрде жаңа ауқымды шабуыл бастайтыны туралы нақты ақпарат жоқ. Алайда соңғы мәліметтер Тегеранның мұндай сценарийге белсенді түрде дайындалып жатқанын көрсетеді.

WSJ дереккөздері Иран басшылығындағы қатаң бағытты ұстанушылардың АҚШ-пен текетіресті ұзақ әрі қымбат соғысқа айналдыруға дайындалып жатқанын айтады. Ал Иран өкілдерінің «толық шабуылдаушы» стратегияға көшу туралы соңғы мәлімдемесі бұл қауіптің бұрынғыдан күшейгенін аңғартады. 

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз