Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:45, 05 Желтоқсан 2024

Иранда Нобель сыйлығының лауреаты Наргиз Мохаммади уақытша бостандыққа шықты

Наргиз Мохаммади
Наргиз Мохаммади. Фото: Reuters

2023 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығының иегері ирандық құқық қорғаушы Наргиз Мохаммади денсаулығына байланысты үш аптаға түрмеден босатылды, деп хабарлады оның адвокаты.

Иран үкіметі құқық қорғаушы, 2023 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Наргиз Мохаммадиді денсаулығына байланысты түрмеден үш аптаға уақытша босатты, деп жазды Мохаммадидің адвокаты Мостафа Нили X әлеуметтік желісінде.

Адвокат мұндай шешім қабылдануына оның отадан кейінгі денсаулығы себеп болғанын айтты. Оның айтуынша, ісік қауіпті емес, бірақ 52 жастағы Наргиз үш ай сайын тексеріліп тұруы керек.

Мохаммади жақтастары бұл шешімді жеткіліксіз деп атады

Мохаммадидің отбасы мен жақтастары үкімнің 21 күнге кейінге шегерілуін жеткіліксіз деп атады. «Біз Наргиз Мохаммадиді дереу және ешбір шартсыз босатуды немесе кем дегенде оның уақытша босату мерзімін үш айға ұзартуды талап етеміз», - деді олар.

Иран әйелдер қозғалысы жетекшілерінің бірі Наргиз Мохаммади кейінгі 25 жылда міндетті хиджаб пен өлім жазасына қарсы науқаны үшін бірнеше рет тұтқындалып, сотқа тартылған. Ол кейінгі он жылын түрмеде өткізді. Мохаммади соңғы рет 2021 жылдың қарашасында Тегеранда тұтқындалған. 2024 жылдың маусымында ол «мемлекетке қарсы үгіт-насихат жүргізді» деген айыппен бір жылға бас бостандығынан айырылды.

2023 жылы Наргиз Мохаммади әйелдерге қысым көрсетуге қарсы күресі және адам құқықтары мен бостандықтары үшін Нобель сыйлығымен марапатталды.