Израиль мен Ливан арасындағы бітім тағы үш аптаға ұзартылуы мүмкін
АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Ливан арасындағы уақытша бітімді тағы үш аптаға ұзарту жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл мәселе Ақ үйде өткен жоғары деңгейдегі кездесуде талқыланған. Жиынға АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс, мемлекеттік хатшы Марко Рубио, сондай-ақ Израиль мен Ливандағы америкалық елшілер және екі елдің жоғары лауазымды өкілдері қатысқан.
«Кездесу сәтті өтті. АҚШ Ливанға Хезболла тарапынан болатын қауіптен қорғануға көмектесу үшін ынтымақтастық орнатады», – деп жазды Трамп Truth Social желісінде.
Айта кетейік, 14 сәуір күні Вашингтон қаласында Израиль мен Ливан өкілдері арасында 1993 жылдан бері алғаш рет тікелей келіссөздер өткен. Кездесуді екі елдің АҚШ-тағы елшілері ұйымдастырған.
Ал 16 сәуірде тараптар 10 күнге созылатын уақытша бітім туралы келісімге келген болатын.