Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:16, 30 Қаңтар 2024

Қамаудағы Әйгерім Тілеужанның денсаулығы нашарлады

Әйгерім Тілеужан
Фото: из открытых источников

«Әуежайды басып алу ісі» бойынша сотталған журналист Әйгерім Тілеужанның денсаулығына қатысты мәліметтер белгілі болды, деп жазды Zhasalash.kz.

Бұл туралы оның адвокаты Айнара Айдарханова хабарлады.

– Маған Әйгерімнің денсаулығы нашарлағаны туралы, мекеме тарапынан тиісті көмек көрсетілмегені жөнінде ақпаратты оның анасы айтты. Әйгерім аштық жариялаған кезде оның бірнеше тісі түсіп қалған. Біз сол уақытта ол туралы айтқан жоқ болатынбыз. Қазір оның денсаулығы нашарлаған. Қазір ол тісін емдетуде. Ем барысында оған суықта жүрмеу туралы анықтама берілген. Бірақ мекемеде ол анықтама белгісіз жағдайда жоғалып кеткен. Екінші анықтаманы мекеменің медициналық бөліміне бергенде ол жердегі дәрігерлер оған режимдік міндеттемелерден босату туралы ешқандай құжат бермеген. Бұндай құжатты беру олардың міндетіне жатады. Осы уақытқа дейін ол анықтама берілмеген, – деді Айнара Айдарханова.

Қорғаушының сөзінше, Әйгерім Тілеужанның қазір омыртқасы ауырып, протрузиясы асқынған. Сонымен қоса белсенді түрме ғимаратының суықтығына, тамақ пен дәретханаға шағымданған.

Қазір оның омыртқасы ауыруда. Салдарынан протрузиясы асқынған. Бұл жерде омыртқа дертін емдейтін маман жоқ. Әйгерім невропатолог дәрігердің келуін талап еткен. Бірақ ол осы уақытқа дейін келмеген. Оның сұрақтары мен талаптарына ешқандай жауап берілмеген, – деді Айнара Айдарханова.

Еске салайық, Әйгерім Тілеужан мен басқа да белсенділерге Алматы әуежайын басып алу ісіне қатысты үкім шыққан еді. Сот 11 шілдеде белсенді Әйгерім Тілеужанды төрт жылға бас бостандығынан айырды. Белсенді Қалас Нұрпейісов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев пен Жан-Айдар Кәрменов те 8 жылға бас бостандығынан айырылды.