Әлеумет

Канада Еуропамен жаңа одақ құруға ниетті: Трамп оған қарсы

Канада АҚШ-пен сауда қатынастары шиеленіскен тұста Еуропа одағымен ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге ниетті.

Р

Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Канадаға ЕО-ның «қауымдастырылған мүшесі» мәртебесін беруді ұсынды. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп мұндай қадамға жауап ретінде Еуропа тауарларына жоғары баж салығын енгізуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Канада премьер-министрі Марк Карни 17 қыркүйекте Еуропарламентте сөйлеген сөзінде Оттава мен Брюссельдің жақындасуын қолдайтынын айтты. Оның сөзінше, Канада ЕО-ға толық мүше болуды көздемейді, алайда тараптар қорғаныс, технология, жасанды интеллект, Арктика, шикізат және жеткізу тізбектері салаларында ынтымақтастықты күшейте алады.

Фон дер Ляйен де Канада мен Еуропаның көптеген стратегиялық мәселеде ұстанымы жақын екенін атап өтті.

«Біз технологиялық одақ құрамыз. Қорғаныс өнеркәсібі базаларын біріктіреміз. Арктиканы бірлескен флагмандық жобаға айналдырамыз», – деді ол.

Трамп тариф енгізетінін ескертті

Вашингтон Канада мен ЕО арасындағы ықтимал жаңа форматқа қарсылық білдірді. Дональд Трамп Еуропа одағы Канадаға қауымдастырылған мүше мәртебесін берсе, оны АҚШ-қа қарсы бағытталған қадам ретінде бағалауы мүмкін екенін айтты.

«Егер мұны дұшпандық әрекет деп санасам, өте қатаң тарифтер енгіземін немесе көптеген тауар бойынша Еуропамен сауданы тоқтатамын», – деді Трамп.

Францияның Еуропа істері жөніндегі министрі Бенжамен Аддад бұған жауап ретінде АҚШ Еуроодақтың геосаяси шешімдеріне вето қоя алмайтынын мәлімдеді.

Канада АҚШ-қа тәуелділікті азайтпақ

Оттаваның Еуропамен жақындасуы Канада мен АҚШ арасындағы сауда дауының күшеюімен тұспа-тұс келді. Тамыздағы келіссөздер нәтиже бермеген соң екі ел бір-бірінің тауарларына қосымша тарифтер енгізді.

АҚШ-та Канаданың бірқатар көлігіне, болаты, алюминийі мен ағаш материалдарына баж салығы қолданылады. Канада да америкалық тауарларға 15-тен 50 пайызға дейін жауап тарифтерін енгізді.

Марк Карни алдағы он жылда Канаданың сыртқы саудасын әртараптандырып, АҚШ-тан басқа елдермен сауда көлемін екі есе арттыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Шілдедегі дерек бойынша, Канада экспортының АҚШ-қа тиесілі үлесі сауда дауы басталғанға дейінгі шамамен 75 пайыздан 66 пайызға дейін төмендеген.

Дегенмен Канадаға «қауымдастырылған мүше» мәртебесін беру әзірге нақты шешім емес. Оның құқықтық және саяси мазмұны да анықталмаған. Мұндай шешімді Еурокомиссия жеке қабылдай алмайды, оған ЕО-ға мүше мемлекеттердің келісімі қажет.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз