Сараптама

Қаңғыбас иттердің «иесі» кім?

Биыл 8 сәуірде Мәжіліс «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға өзгеріс енгізу жобасын мақұлдады. Жаңа ереже иесіз жүрген ит пен мысық мәселесін радикалды жолмен шешуді көздейді. Депутаттар, әсіресе, иесіз иттерге қатты шүйлігіп отыр. Енді бұралқы ит ұсталған соң 5 күн ішінде иесі табылмаса, бірден эвтаназия (ветеринарлық жолмен өлтіру) жасалады.

Қаңғыбас иттер

Бұл шешім қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Көпшілік пікірі екіге жарылған. Кейбіреулер балалардың қауіпсіздігі үшін қатаң шара қабылдауды қолдаса, екінші топ гуманизм талаптарын бірінші орынға қойып отыр. Сондай-ақ жануарлармен ғана күреспей, адамдардың жауапкершілігін күшейту керек деп санайтындар да бар. Олардың айтуынша, иесі өз итін дер кезінде чиптеп, қараусыз қалдырмай, бақылауда ұстаса, көшеде бұралқы ит көбеймес еді.

Бұл – жұрт арасындағы әңгіме. Бірақ негізгі дау депутаттар мен жануарлардың құқығын қорғаушылар арасында жүріп жатыр. Тіпті қос тарап бір-бірін ашық айыптауға көшкен. Мысалы, зооқорғаушылар мәжілісмендерді «қатыгез, жауыз» деп кінәласа, депутаттар белсенділерді «иесіз ит пен мысыққа бөлінген қаржыдан айырылғысы келмей, шу шығарып жүр» деп айыптайды. Әсіресе заңға бастамашы болған депутат Еділ Жаңбыршин мен зооқорғаушылардың арасы қатты ушығып тұр. Жаңбыршин белсенділер «жеке басына тиіскенін айтып», оларды қатаң тексеруді талап етті.

ит
Фото: из открытых источников

«Иесіз иттердің саны 13 пайызға өсіп кеткен»

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң 2021 жылы желтоқсанда қабылданып, 2022 жылы күшіне енген. Заңда жануарларды зарарсыздандыру, қараусыз, далада қалғандарының санын реттеу үшін арнайы панажайға орналастыру тәртібі белгіленген. Құжаттағы басты қағида – «аулау – стерилизация – вакцинация – қайта жіберу» жүйесі болды. Яғни бұралқы ит ұсталған соң иесі табылмаса, ол зарарсыздандырылып, панажайға қамалады, кейін оны вакциналап, құлағына ен салып, қайта көшеге жібереді. Заңда «қаңғыған ит айналаға қауіп төндірмесе, өлтіруге болмайтыны» жазылған. Демек, 5 жыл бұрынғы заңда халықаралық тәжірибеде кең таралған гуманистік әдіс болған.

Сондай-ақ заң бойынша ит пен мысыққа иесі микрочип орнатуы қажет болған. Бірақ бұл талап орындалған жоқ. Өйткені құжат жүзінде жазылғанымен, мемлекеттік органдар оны нақты талап етіп, бақылауға алған емес. Салдарынан иесіз ит пен мысықты азайтуды мақсат ететін заң күшіне енгелі 5 жыл болса да, олардың саны азаюдың орнына көбейіп кеткен. Мұндай деректі мәжіліс депутаттары келтірді.

Оның үстіне кейінгі кезде қаңғыбас иттердің адамға шабуыл жасау фактісі жиіледі. Мұндай ақпаратты БАҚ пен әлеуметтік желіден үнемі көріп жүрміз. Әсіресе балаларға қатысты бірнеше қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды. Бір топ мәжілісмен осы жағдайларды алға тарта отырып, заңды қайта қарауды ұсынды. Олар «адам өмірі мен қауіпсіздігі бірінші орында тұруы тиіс» деп санайды.

Осы ойдың жетегінде Еділ Жаңбыршин бастаған депутаттар түзету енген заңды таныстырып, оны Мәжіліс мақұлдап, Сенатқа жолдады. Енді жоғарғы палата қолдап, президент қол қойса, заң күшіне енуі мүмкін. Жаңа ереже бойынша, қаңғыбас ит пен мысық ауланған соң панажайда бұрынғыдай 60 күн емес, 5 күн ғана тұрады. Осы аралықта иесі табылмаса, эвтаназия жасалады. Сондай-ақ азаматтар өз жануарына чип орнатуға міндетті болады, бұл белгі болмаса, кез келген жануар «иесіз» деп танылады. Бұдан бөлек, иті мен мысығын иесіз қалдырып, қаңғытып жіберген адамды жазаға тарту жолдары белгіленген. Депутаттар «иесіз жануарды панажайда 5 күн ғана ұстау бюджет шығынын азайтады» деп санайды.

«Қазақстанда орта есеппен әр сағат сайын бес адам иттердің шабуылына ұшырайды екен. Біз осында заң талқылап отырғанда елдің бір жерінде, аулада, көшеде, мектеп маңында бір балаға, әйел адамға немесе қарт кісіге иттер шабуылдап жатқан болуы мүмкін. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, кейінгі бір жылда 41 366 адамды ит қапқан. Соның ішінде 23 134 адам бұралқы иттердің шабуылынан зардап шеккен. Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылы ит шабуылының 38 848 жағдайы тіркелсе, оның 24 410-ы бұралқы иттердің шабуылы болған», – деді депутат.

Е.Жаңбыршиннің пайымдауынша, иесіз итті ұстап, вакцинациялап, қайта босату әдісі тиімсіз болған. Қауіпті итті қайтадан көшеге жіберу дұрыс емес. Сондықтан енді ұсталған ит көшеге қайта жіберілмейді, белгіленген мерзім өткен соң эвтаназия жасалады. Бірақ әр облыс жергілікті жағдайға қарай иесіз итті панажайда ұстау мерзімін ұзарта алады. Сондай-ақ ұсталған итті жеке немесе заңды тұлға, үкіметтік емес ұйымдар, зооқорғаушылар аман алып қалғысы келсе, өз қалтасынан қаржы шығарып, жануарды вакцинациялап, чип орнатуы қажет.

Депутаттың дерегінше, қазір Қазақстанда қанша қаңғыбас ит пен мысық бар екені белгісіз. Өйткені мұндай статистика жоқ. Бір анығы, 2025 жылы елде 276 000 қаңғыбас ит ұсталған. Ал 2022 жылы 243 000 иесіз ит ұсталған. Демек «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң күшіне енгеннен бері қаңғыбас иттердің саны 13 пайызға өсіп кеткен. Одан да сорақысы – кейінгі үш жылда адамдарды ит қабу дерегі 28 пайыз өсіпті.

«Бір итті бағу шығыны әр өңірде әртүрлі, бірақ орта есеппен күніне 5,5 мың теңге болады. Егер итті ұстап, кейін қайта жіберетін болсақ, стерилизациядан кейін оның қалпына келуі үшін 10 күн ұстау қажет. Орта есеппен мұндай шығын 74 мың теңгеге жетеді. Ал мысыққа шамамен 54 мың теңге жұмсалады. Сондай-ақ чип орнату 1 500 теңге тұрады», – дейді

 Е.Жаңбыршин. Ал жануарды эвтаназиялау шамамен 11 мың теңге екен. Депутаттар жаңа заң бойынша қаңғыбас жануарларға жұмсалатын шығын 7 есе азаяды деп отыр.

1
Фото: ашық дереккөз

Белсенділер не дейді?

Көпшілік қараусыз қалған ит пен мысықты бағуға бөлінетін қаржы көлеміне таңғалып отыр. Мысалы, бала күтіміне арналған бір күндік жәрдемақы шамамен 500 теңге болса, итке күніне 5,5 теңге жұмсалады екен. Депутаттар айтып жүрген осы статистикаға сенсек, қаңғыбас жануарлардың проблемасы бюджетке біршама салмақ салатын сияқты.

Заңға енген өзгерісті жұрттың бәрі қолдап отырған жоқ. Әсіресе жануар құқығын қорғаушылар бұл бастамаға үзілді-кесілді қарсы. Олардың айтуынша, мәселе заңда емес, оның орындалуында. Белсенділер қазіргі жүйе дұрыс деп санайды. Билік қаржыландыруды дұрыстап, бақылауды күшейтсе, оң нәтиже болары анық. Сондай-ақ белсенділер эвтаназия проблеманы түбегейлі шешпейтінін алға тартады.

«Бүгін бір қаңғыбас итті өлтіргенмен, ертең оның орнына басқа біреуі пайда болады. Өйткені мәселенің түп-төркіні – ит иелерінің жауапсыздығында жатыр», – дейді олар.

Жаңа заңға қарсы белсенділер митинг өткізіп, петиция жариялады. Мысалы, 18 сәуірде Қостанай облысы Арқалық қаласында митинг өткізбек болған. Бірақ рұқсат етілген митинг өтпей қалды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жергілікті билік белсенділерге түрлі астыртын кедергі жасаған. Ал петиция авторлары мұндай қатал заң қабылдамауды талап етіп отыр. Сондай петиция авторларының бірі – Темірлан Тоспаевқа хабарласып, заңға не үшін қарсылық танытып отырғанын сұрадық.

«Бұл өзгерістерге қарсы болуымыздың себебі өте қарапайым – бұл заң мәселені шешпейді, оны жасыруға ғана бағытталған. Қазақстанда қазірдің өзінде көптеген өңірде жыл сайын жануарларды жаппай қырып-жою жүріп жатыр. Бірақ нәтиже жоқ. Өлтірілген жануарлардың орнына жаңалары келеді. Бұл – тоқтамайтын тұйық шеңбер. 2022 жылдан бері осы бағытқа 15 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бірақ шындық қандай? Ақша ұрланды, ал жануарларды сол бұрынғыдай көшеде атып тастады. Яғни ақша да кетті, мәселе де шешілмеді.

2021 жылы енгізілген АСВЖ (ОСВВ) бағдарламасы жүйелі түрде іске асырылған жоқ. Енді сол жұмыс істемей қалған жүйені түзетудің орнына, оны мүлде алып тастап, қатыгез тәсілді заңдастырмақ. Ал АСВЖ бүкіл әлем мойындаған жалғыз тиімді әрі гумандық әдіс. Бұдан бас тарту – артқа шегіну. Мәселенің түп-тамыры – адамдардың жауапкершілігінде. Адамдар жануарды алады да, кейін көшеге тастап кетеді. Осыны шешпей, ешқандай заң көмектеспейді. Сондықтан мәселені шынымен шешкіміз келсе, ақша «игеруді» емес, нақты нәтижені ойлау керек: АСВЖ-ны толық, ашық іске асыру және қоғамның жауапкершілігін көтеру. Сонда ғана өзгеріс болады», – дейді белсенді.

Сондай-ақ біз Алматы қаласының және Талғар ауданының тұрғындарымен сөйлестік. Мегаполис тұрғыны қалада ит көбейіп кеткенін растады. Оның сөзінше, саябақтарда, аулада иттер толып жүреді. Иесі жетектеп жүрген иттердің өзі әр жерді ластап, бүлдіріп жүреді. Иесі ол жерді ешқашан тазаламайды. Ит жүрген жерге баланы ойнату мүмкін емес. Ал талғарлық азамат қаңғыбас иттер қауіпті екенін айтады.

«Ауылдық жер болған соң қаңғыбас иттер көп жүреді. Тіпті топтасып келе жатқан үлкен адамдардың өзі қорқады. Ал таңда және кеште мектепке барып-қайтатын балалар үшін тіптен қауіпті. Кейбір көршілеріміз қолына таяқ ұстап жүргенді жөн көреді. Билік осы проблеманы шешіп берсе дұрыс болар еді. Бірақ сонша көп иттің бәрін өлтіріп тастау да дұрыс емес шығар, обал ғой. Шенділер мен мамандар бірлесіп, оңтайлы жол табады деп үміттенеміз», – дейді Нұрбол есімді тұрғын.

Еділ Жаңбыршин
Фото: ашық дереккөз

Жанашырлық па, әлде лоббизм бе?

Депутат Е.Жаңбыршин жаңа ережеге қарсы белсенділер жайлы пікірін әлеуметтік желіде жазып жүр. Мәжілісмендер бұл даудың артында мүдделер қақтығысы жатыр деп санайды. Жануарлардың құқығын қорғап жүрген белсенділер шын мәнінде сол арқылы мол қаржы тауып отырған болуы мүмкін дейді. Е.Жаңбыршин, А.Баққожаев, Б.Базарбек қатарлы 13 депутат Бас прокурор Берік Асыловқа, ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевқа, Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасы Жанат Элимановқа арнайы хат жазып, жануарларға бөлінген бюджет қаржысын тексеруді талап еткен.

Депутаттардың дерегінше, қазір елде жануарларға арналған 69 панажай бар екен, соның төртеуі ғана – мемлекеттік, қалған 65-і – жекеменшікке тиесілі. Оның бәрі «аулау – стерилизация – вакцинация – қайта жіберу» бағдарламасына қатыса алады. 2022-26 жылдары осы бағдарламаны жүзеге асыруға бюджеттен 14,9 млрд теңге бөлінген. Атап айтқанда, 2022 жылы – 1,2 млрд, 2023 жылы – 3,98 млрд, 2024 жылы – 2,98 млрд, 2025 жылы – 3,5 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ жекеменшік панажайлар азаматтардан қайырымдылық қаражатын жинап, демеушілерден көмек, шетелден грант ала алады.

Мәжілісмендер мысал ретінде Астанадағы бір панажайға кейінгі 4 жылда аталған бағдарламаны іске асыру үшін бюджеттен 400 млн теңге бөлінгенін атап өткен. Оның үстіне бұл қаражаттың көбі бір көзден берілген көрінеді. Яғни ашық конкурс арқылы емес, тіке берілген.

Депутаттар осы деректерге сүйеніп, «бұралқы иттерді эвтаназия жасауға қарсы шығып жүрген зооқорғаушылардың көбі мемлекеттен бөлінетін мол қаржыдан айырылып қалмауды көздеуі мүмкін» деп топшылайды. Әрі мұндай ойды бірнеше мәжілісмен ашық айтқан. Яғни жануарға жаны ашитындардың түпкі мақсаты басқа болуы мүмкін.

Әрине, мұндай болжамды жоққа шығаруға болмайтын шығар. Бірақ «аулау – стерилизация – вакцинация – қайта жіберу» бағдарламасының тиімді жұмыс істемегеніне жануарларды уақытша ұстау пункттері мен панажайларды ғана кінәлауға бола ма? Өйткені қаржы бөлетін де, оны бақылайтын да, тіпті бағдарламаның дұрыс жұмыс істеуін қадағалайтын да – құзырлы органдар. Демек депутаттар бар жауапкершілікті зооқорғаушыларға аудармай, билік құрылымдарынан да кінә іздегені жөн. Егер қазір қолданыстағы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң тиімсіз болса, оны 2021 жылы Мәжіліс неге мақұлдады? Демек қазіргі заңды сынаған кезде таяқтың бір ұшы өз бастарына тиетінін депутаттар ұмытпағаны жөн.

Қысқасы, бұралқы иттер проблемасы Қазақстан билігінің арқасына аяздай бататын, «былай тартса, арба сынып, былай тартса, өгіз өлетін», шешуі қиын шытырман шаруаға айналды. «Қаңғыбас ит қаптап кетті» деген халықтың арызына арқаланып, эвтаназия ережесін енгізейін десе, зооқорғаушылар жағадан алады. Ал солардың ығына жығыла кетейін десе, иесіз иттен зардап шеккендер көбейіп барады. Демек шенділер «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» шешетін жол табу қажет. Тараптардың тартысына қарағанда, бұл оңай болмайтын сияқты.

Қуаныш Қаппас

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз