Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:28, 18 Сәуір 2024

Қарағанды облысында мемориалдар, ескерткіштер, саябақтар мен гүлзарлар ретке келтіріледі

1
Фото:

Қарағанды облысында "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы жалғасуда. Шараның екінші аптасы, 15–20 сәуір аралығында, қасиетті орындарға арналған.

Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының қызметкерлері Е. А. Бөкетов атындағы ҚарУ тарих факультетінің студенттерімен бірге Спасск мемориалдық кешенінің аумағында таза бейсенбі өткізді. Олар саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштердің айналасындағы қоқысты жинап қана қоймай, оларды тазартып, құрғақ шөптерін жұлып, аумақты ретке келтірді.

1

"Спасск мемориалдық кешені тарихи мұра тізімінде. Қуғын-сүргінге ұшыраған халықтарға арналған 30-ға жуық ескерткіш бар. Біз 25 адамнан құралған топпен аумақты тазалаймыз, мемориалдық тақталарды жуамыз, аумақты құрғақ шөптен тазартамыз. Мұны жүйелі түрде жасау керек, өйткені бұл жерге гүл шоқтары қойылады, уақыт өте келе олар қурап қалады да, қоқыс болып жиналады. Ескерткіштерді тазалау – игі іс, өйткені бұл біздің тарихымыз, естелігіміз", – дейді тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы директорының орынбасары Жанболат Мәжитов.

"Таза Қазақстан" акциясына Шахтинск өңірінің тұрғындары да белсенді қатысуда. Іс-шаралар "Киелі мекен" апталығы аясында өтуде.

1

Акция барысында қала тұрғындарының, белсенділер мен еріктілердің, жұртшылық пен еңбек ұжымдарының бірлескен күш-жігерімен оннан астам көше жиналды, 6 мың тоннадан астам қалдық шығарылды, 15 мың шаршы метр аумақ тазартылды.

Қаланы және кенттерді абаттандыру бойынша іс-шараларға 5 мыңнан астам адам қатысты.

"ҰОС жылдарында қаза тапқан батырларға арналған төрт еске алу обелискісін, қаза тапқан интернационалист жауынгерлерге арналған мемориал мен барельефті, Абай Құнанбаев ескерткішін және Қазақстанның 100 киелі орнына кіретін Долинка кентінің саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайын қамтитын төрт тарихи-мәдени ескерткішті абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілд"і, – дейді Шахтинск қаласының ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Әсел Шәкенова.

Аумақтарды жинаудан басқа, ағаштар мен бұталарды әктеу, кесу, қоршауларды жөндеу жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ ескерткіштерді жуып, 20 қарағай отырғызылды.

Ескерткіштердің аумақтарын жинау Абай ауданында да жүргізілуде. Онда еріктілер мен экобелсенділер Шерубай батыр ескерткішінің айналасынан 14 қап қоқыс жинап, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған мемориал аумағын қоқыстан тазартты.

Қарағандыда Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ардагерлері мен Жастар ресурстық орталығының еріктілері "Мәңгілік алау" мемориалының аумағын тазалады.

1

Қарағандыдағы Жеңіс саябағын тазартуға бағытталған экологиялық акцияға еріктілер, Қарағанды облыстық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері және Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің студенттері қатысты. Барлығы 35 адам.

1

"Бұл акцияны біз өңіріміздің барлық тұрғындарына үндеу ретінде өткіземіз. Жастарды, еріктілерді және барлық халықты аулалар мен көшелерді қоқыстан тазартуға және облысымыздағы экологиялық жағдайды жақсартуға шақырамыз. Жұмыс ертең жалғасады, ал 20 сәуірде біз қаладағы ойын алаңдарын тазалаймыз. Біздің акцияларға барлық жастар волонтерлік ұйымдары қатысады", – деді Қарағанды облысының Жастар ресурстық орталығының маманы Ардана Мырзанова.

Саран қаласындағы интернационалист-жауынгерлер мен Жамбыл Жабаевтың ескерткіштерінде, Теміртаудағы Белгісіз солдат ескерткіші жанындағы саябақта да жұмыстар жүргізілді. Қарқаралы ауданында Құнанбай мешіті маңындағы аумақ абаттандырылуда.

1

Сондай-ақ, "Киелі мекен" қамқорлығымен Пришахтинскідегі "Молодежный" мәдениет үйінің жанында орналасқан Қарағандының 80 жылдығына арналған ескерткішті қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Тазалау жұмыстары 19 сәуірде Осакаров ауданында да өтеді. Онда "Азалы ана" мемориалдық кешенінің аумағы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу алаңы, Осакаровка кентінің орталық саябағы ретке келтіріледі.

20 сәуірде қала тұрғындарын кезекті ауқымды сенбілікке қатысуға шақырады.