Оқиғалар

Қарағанды облысында төрт сайлау учаскесі алғаш рет өнеркәсіп орындарында ашылды

Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекпаев Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс беріп, тұрғындарды сайлауға белсенді қатысуға шақырды.

Е

Өңір басшысы бүгін Қазақстан үшін маңызды саяси күн екенін атап өтті. Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін ел азаматтары алғаш рет бір палаталы Парламент – Құрылтай депутаттарын сайлап жатыр.

«Бүгін әрқайсымыз бұл үдеріске өз үлесімізді қоса аламыз. Ол үшін сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауымызды жасауымыз керек. Бұл күн жастарымыз үшін де маңызды. Сіздер болашақтарыңыз үшін дауыс беріп, азаматтық жауапкершілік таныта аласыздар», – деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, Қарағанды облысында барлығы 639 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Биыл алғаш рет төрт сайлау учаскесі тікелей өнеркәсіптік кәсіпорындарда ашылған.

Оның екеуі Qarmet кәсіпорнында, тағы бірі Балқаштағы Kazakhmys Smelting кәсіпорнында және бір учаске Нұра ауданындағы «Шұбаркөл көмір» кәсіпорнында орналасқан.

Әкімнің сөзінше, өндіріс орындарында сайлау учаскелерінің ашылуы жұмысшыларға жұмыстан қол үзбей, өздерінің сайлау құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«Жалпы алғанда, облыста сайлауға қатысу әрбір тұрғын үшін қолжетімді және ыңғайлы болуы үшін барлық жағдай жасалған», – деді өңір басшысы.

Сондай-ақ әкім Мемлекет басшысы атап өткен «Заң және тәртіп» қағидатына тоқталып, мемлекеттік институттардың тиімділігі, азаматтардың еркіне құрмет және олардың заңды құқықтарын қорғау мемлекеттің негізгі ұстанымдары болуы керектігін айтты.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз