Аймақ

Қарағанды облысындағы дала өртінен екі адам зардап шекті

Өрт облыстың төрт ауданын шарпыды

1

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында табиғи өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, құрғақ шөп өртенген.

Өртті сөндіруге екпінді жел мен таулы жер бедері кедергі келтіріп отыр. Соның салдарынан кейбір өрт ошақтарына жету қиынға соққан. Дегенмен дүйсенбі күні таңғы сағат 08:00-дегі жағдай бойынша Жаңатоған ауылы маңындағы аумақты әуеден барлау кезінде жаңа ашық өрт ошақтары анықталмаған.

Қазір өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Оқиға орнына ТЖД-ның қосымша күштері мен техникасы жіберілді.

ТЖМ мәліметінше, Бұқар жырау ауданындағы Суықсу, Шет ауданындағы Ақбауыр, Қарқаралы ауданындағы Бесоба және Жаңатоған ауылдарындағы өрт сөндірілген. Қарқаралы ауданындағы Ынталы ауылындағы өрт оқшауланды.

Қарағанды облысы әкімдігінің хабарлауынша, Ақтоғай ауданындағы өрт те толық сөндірілген. Қызылтау тауларындағы жетуі қиын жерлерде жекелеген өрт ошақтарын сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.

ТЖМ елді мекендерге, қыстақтар мен егістік алқаптарына қауіп төніп тұрған жоқ екенін мәлімдеді.

Әкімдік дерегінше, Шет, Ақтоғай, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарындағы өрттерді оқшаулау және сөндіру, сондай-ақ елді мекендерді қорғау жұмыстарына ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардың 620 қызметкері мен 134 техникасы жұмылдырылған. Жағдайды қатты жел қиындатып отыр.

Сонымен қатар Қарқаралы ауданында 1989 және 1970 жылы туған екі ер адам күйік жарақатын алған. Олардың бірінің денесінің 10 пайызы, екіншісінің 20 пайызы күйген.

«Қазіргі уақытта екеуі де ауруханада. Жағдайлары тұрақты», – деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

ТЖМ мәліметінше, өткен тәулікте Қазақстан бойынша 22 табиғи өрт пен тұтану оқиғасы тіркеліп, оның 17-сі сөндірілген.

«Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан, Абай, Ақмола және Қарағанды облыстарындағы 13 табиғи өрт пен тұтану жағдайы бақылауда. Сағат 13:00-дегі жағдай бойынша Абай және Ақмола облыстарындағы үш табиғи өрт сөндірілді», – деп хабарлады министрлік.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз