Қарашөкеев жер дауына қатысты сұраққа тұшымды жауап бере алмады
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Jas Alash-тың сұрақтарына жауап берді.
Алдымен редакциямызға хабарласып, құзырлы орындар қайта-қайта тергеуге шақырып, тыныш жатқан елді дүрліктіріп жатыр деп шағымданған Көгершін ауылының тұрғындары туралы білмек болдық. Алайда облыс басшысы Т. Рысқұлов ауданындағы жер дауынан бейхабар болса керек, тұшымды жауап бермеді. Тек қана: "Құқық қорғау органдарымен мәселе болса, заң аясында шешіледі. Тергеуге шақырса барасыз. Бәріміз ҚР азаматымыз. Проблеманы егжей-тегжейлі қарап, сіздерге баспасөз қызметі арқылы толыққанды жауап беруге рұқсат етіңіздер", - деді әкім.
Еске сала кетейік, Көгершін ауылының тұрғындары жер дауына қатысты сотта жеңсек те, прокурор ауысқан сайын жаңа тергеу басталады, адами фактор араласып отыр деп, наразылықтарын білдірген болатын.
Одан соң, кадр саясатына келгенде ұзақ ойланып, жеті рет өлшейтін әкімнің өз әдетіне қатысты сауал қойдық. Мойынқұм ауданы әкімінің қызметі жарты жылға жуық бос тұрды. Одан соң, Қарашөкеев сайлаған аудан басшысы қызметіне кірісе салып 25 млн теңгеге өзінің қызметтік үйін күрделі жөндеуден өткізген. Дәл солай Байзақ ауданы әкімінің креслосы бірнеше айдан бері бос тұр. Тағы, облыс әкімі бекіткен аппарат басшысы журналистерді сотқа беріп, дауласып жүр.
Осының себебі жайлы білгіміз келгені сол еді, Орталық коммуникациялар қызметінің модераторы сөзімізді бөліп, бұл сұрақтың облыстағы әлеуметтік-экономикалық дамуға қатысы жоқ деп шыр-пыр болды. Сауалды аяқтауға мұрша бермей жатқан брифинг жүргізушісіне облыстық әкімдікте жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлер мен аудан әкімдерінің әлеуметтік-экономикалық дамуға тікелей қатысты екенін айтып түсіндірдік. Сол кезде Қарашөкеев те, қойылған сұраққа жауап беруге ыңғайланды.
"Мемлекеттік қызметкерлерді белгілі бір лауазымға тағайындаудың өзіндік ережелері бар. Оған қоса, мақұлдау процесі де біршама уақыт алады. Тестілеу, тексеру, қарау, президент әкімшілігінің мақұлдауы секілді кезеңдер кемі 3-4 ай ішінде орындалады. 5-6 ай тағайындау деген кішкене ұзақтау да шығар. Алайда процестің өзі осындай. Басты мақсатымыз адал, таза жұмыс істейтін, тәжірибесі мол азаматтарды іздеу.
Сіздерді естідік. Бұған қатысты жұмыстарды қолға аламыз. Процесті жылдамдататын боламыз", - деп жауап берді әкім.
Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте журналистер жол, қоғамдық көлік, қызылша, мәдени мұралар туралы сұрап, жауап алды.