Қасарысқан Путин, қалыспайтын Зеленский
Бейбіт келісімнің ауылы алыс
Ресейдің Украинаға ашқан соғысы жаһанның жанды жеріне айналды. Америка Құрама Штаттарының алыс қашықтыққа жететін зымырандармен Ресей жерін атқылауға рұқсат беруі майдан даласына жаңа сипат берді. Мәскеу жаңа баллистикалық зымыранын қолданып, Еуропа мемлекеттерінің бірі араласатын болса, оларға да қауіп төнетінін ескертіп, сес көрсетті. Ресей әскері Донбаста, Курск облысында Солтүстік Кореяның сарбаздарының көмегімен қайта-қайта шабуыл жасап жатыр. Бұл қауырт қимылдардың бәрі Дональд Трамптың АҚШ президенті боп сайланып, таққа отырар алдында болып жатқан құбылыстар. Осы оқиғалардың бер жағында Мәскеу мен Киев арасында болуы мүмкін бейбіт келісім туралы да әңгіме жиі-жиі құлақ көрсете бастады.
Соғыс басталғалы екі елдің басшыларының да, олардың одақтастарының да позициялары бірнеше рет өзгеріп, пікірлері де құбылып тұрды. Украина әскері Курск облысына кірген кезде Путиннің осал тұсын тапқандай көрінген. Кейін Ким Чен Ынның көмегіне арқа сүйеген Мәскеу ірі қимылдай бастады. Байденнің берген рұқсатын пайдаланып, Зеленский Ресей жерін атқылай бастап еді, олар да қарсы зымыран пайдаланып, бір ғана Украинаны емес, тұтас Еуропаға айбат шекті. Германия сияқты мемлекеттер Украинаға көмек берерде, жеті өлшеп, бір рет кескен дұрыс деген позицияға көшті.
Путин қылмысын заңдастырғысы келеді
Владимир Путин жазда бейбіт келісім болуы үшін өзінің талаптарын айтқан болатын. Бірінші, Украина Ресей оккупациялаған Донецк, Луганск, Запорожье, Херсон облыстарынан әскерін шығару керек. Әңгіме тек қана Ресей басып алған Украина жері туралы емес, қазір де Киевке бағынып отырған аймақтар туралы екені түсінікті. Мысалы, Херсон қаласы мен Запорожье. Екінші, Киев НАТО құрамына кіруден біржола бас тартып, бейтарап қалу керек. Үшінші, Қырым, Севастополь және Украинаның шығысында аннекцияланған жерлер Ресей жері деп халықаралық келісімдерге біржола ену керек. Төртінші, Ресейге қарсы санкциялар алыну керек.
Путин осы талаптардың бәрі орындалса, Мәскеу ертең-ақ бейбіт келісім жасау үшін үстел басына отыруға дайын екенін айтты. Киев әскерін аталған жерлерден шығара бастаса, сол сәтте «атысты тоқтатуға» бұйрық беріледі деді. Украина президенті Владимир Зеленский Путиннің талаптарын ультиматум деп бағалады. Бұл позицияның кей тұстарында Кремльдің әу бастағы талаптарынан айырмашылығы бар. Ресей билігі соғыс басталғалы бері «арнайы әскери операцияның» мақсаты туралы бұлыңғыр пікір айтып жүрді. «Денацификация», «демилитаризация» және Донбасс халқын қорғау туралы жиі сөз қылатын. Бірақ жақында «Система» журналистік зерттеу орталығының тілшілері Ресейдің соғыс бастала салғанда Украина берген ұсыныстарын тауып алды. Онда әскер санын 50 мың адамға дейін қысқарту (бұл 2022 жылға дейінгі Украинаның әскер санынан бес есе аз), қару-жарақ көлемін көрші Беларусьқа қарағанда аз ұстау, декоммунизацияға байланысты барлық заңның күшін жою, орыс тілін мемлекеттік тіл деп мойындау туралы жазылған. Демек Ресей ол уақытта Украинаны түгел капитуляциялауды және билігін ауыстыруды ойлаған. Қазір бұл туралы бір сөз жоқ. Әрине, егер бейбіт келісім туралы әңгіме басталатын болса, Ресейдің әскер санын азайту талабын қоятынын жоққа шығаруға болмайды. Енді Ресей басып алған аймақтарды Ресей шекарасы деп мойындауды ұсынып отыр. Соғыс басында және Ыстамбұлдағы келісім кезінде Ресей Украина даласын әлі аннексиялап үлгермеген еді. Және ол жерлердің статусын талқылау кейінге қалдырылған.
Путин келісімге келуге дайын екенін қайта-қайта айтып жатқанымен, шынайы картина мүлде басқа екенін көріп отырмыз. Донбасс пен Курск облысында Ресей әскері тынбай шабуылдап жатыр. Telegraph басылымының жазуы бойынша Путин бұл аймақты Дональд Трамптың инаугурациясына дейін қайтарып алғысы келеді. 21 қараша күні Ресей орташа қашықтыққа ұшатын «Орешник» баллистикалық зымыранын Украинаға қарсы қолданды. Сонымен қоса, НАТО құрамына кіретін мемлекеттерге де сондай шабуыл болуы мүмкін екенін де ескертті. Бұл Ресейдің соғысқа бекініп, қалай да бейбіт келісім жасау үшін үстел басына отырмауға тырысып жатқанын көрсетсе керек.
Зеленскийдің шамасы белгілі
Украинаның да Ресеймен келісімге келу ұстанымы бірнеше рет өзгерді. Соғыс басында Киев ресейлік делегациямен диалог орнатуға дайын болды. Бірақ 2022 жылдың ортасында бұл байланыс шорт үзілді. Зеленский Путинмен келісімге келу мүмкін емес деп шешім шығарып, қол қойды. Бірақ соңғы уақытта Украина президенті соғысты дипломатиялық жолмен шешуге болады деп жиі-жиі айтып жүр. Ол үшін одақтастары Украинаға ыңғайлы позицияда келісім жасауға көмектесу керек.
Күзде Владимир Зеленский «жеңіс жоспарын» ұсынған. Онда негізгі бес ұсыныс көрсетілген. Бірінші, Украина НАТО құрамына кіруге формалды шақырту алу керек. Екінші, Украина қорғанысын күшейту. Ресей территориясын алыс қашықтыққа ұшатын зымырандармен атқылауға батысқа одақтастары рұқсат ету керек және Украинаның әуе шабуылына қарсы жүйесін жетілдіру қажет. Үшінші, Батыс мемлекеттерімен бірге Украинаның экономикалық ресурстарын қолданып, Ресейге қарсы санкцияларды күшейту. Төртінші, Украина Ресейден келетін қауіптен сақтану үшін өз жерінде ядролық емес стратегиялық қорғаныс пакетін орналастыру. Бесінші, соғыс аяқталған соң Украинаның әскерилерін АҚШ пен Еуропа контингентіне шақыру.
Осы талаптардың бәрі орындалса, Ресей келісім үстеліне отыруға мәжбүр болады деп есептейді Зеленский. Бұл талаптардың бір бөлігі қазір ақырындап орындалып жатыр. АҚШ алыс қашықтыққа ұшатын зымырандармен атуға рұқсат берді. Бұны Ресей эскалация деп атап, ядролық доктринасын өзгертті. Басқа талаптармен одақтастары әлі келіскен жоқ.
Financial Times соңғы екі талапты АҚШ-тағы республикашылармен бірігіп жазған деді. Өйткені ол кезде сайлау науқаны енді басталып жатқан. Трамп жеңсе, әскери көмек азаюы мүмкін деген пікір бар.
«Жеңіс жоспарына» қарағанда Киев НАТО құрамына кіруден және өз жерлерінен бас тартпайды. Десе де, Financial Times Украина билігі НАТО құрамына кіру үшін жерлерін әскери жолмен қайтарудан формалды түрде бас тартуды ойластырып жатқанын жазған болатын. Киевтің риторикасына қарасақ, биліктегілер Ресей басып алған жерлерді әскери жолмен қалпына келтіру мүмкін еместігін біліп отыр. Fox News телеарнасына берген сұхбатында Зеленский: «Заңдық тұрғыдан біз бұны мойындамаймыз. Бір жағынан, 1991 жылғы шекарамызға дейін Путинді қарумен шегіндіретіндей күшіміздің жоғын түсінеміз. Біз ондаған мың адамдарымыздың өмірін Қырымды қайтару үшін құрбан ете алмаймыз. Қырымды дипломатиялық жолмен қайтару керек» деген.
Бұл Зеленскийдің ойы кәдімгідей өзгергенін көрсетеді. Бұған дейін Ресей әскері Украина әлем мойындаған шекарасынан толық шықпай, ешқандай келісім туралы сөз болуы мүмкін емес деп жүрген болатын. Киев Ресейді енді қалай келісім үстеліне отырғыза алады екен? Бұған дейін Мәскеуді Бейбітшілік саммитіне шақыру туралы да ойластырылған.
Бірінші саммит Швейцарияда жазда өтті. Екіншісі осы қараша айында өтуі тиіс еді. «Саммитке Ресей өкілдері міндетті түрде қатысуы керек. Ресей тарапынсыз бұл соғысты дипломатиялық жолмен шешу мүмкін еместігін жақсы түсінеміз» деген сонда Зеленский. Саммиттің тақырыбы Зеленскийдің ойынша, өзі 2022 жылы ұсынған он пунктті «бейбітшілік формуласы» болуы керек.
Ресей саммитке қатысуға қызығушылық көрсеткен жоқ. Украинаның өзінде де бұл жөнінде сөз жоқ. Екінші отырыс белгісіз мерзімге шегерілді. Бірақ кей пункттер бойынша келіссөздер жүріп жатқан болуы мүмкін. Қазан айында Financial Times Украина мен Ресей бір-бірінің энергетикалық нысандарын атқыламау туралы келісім туралы сөйлескен. Араағайындыққа Катар мемлекеті жүрген. Бірақ Украина әскерінің Курск облысына кіруіне байланысты келіссөз тоқтатылған. Екі тарап та бұл туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Бірақ Владимир Зеленский энергетика нысандарын атқыламауға келісу соғысты аяқтауға бір қадам жақындатар еді деген пікір айтты. Қыстың келгенін ескерсек, бұл әсіресе Киевтің жанды жері болып тұр.
Ендігі үміт Трамптың жоспары
Соғыстың қалай өрбитіні АҚШ-тың позициясына байланысты екені анық. Сол үшін бұл жолғы АҚШ президентін сайлау бұрынғыларға қарағанда шулы өтті. Киев пен Мәскеу сайлауды мұқият қадағалағаны да сондықтан.
Қаңтар айында Ақ үйдегі президент кабинетіне Дональд Трамп кіреді. Сайлау кезіндегі кампания уақытында Трамп конфликтіні тез арада, тіпті бір тәулікте тоқтата алатынын айтқан. Инаугурацияға да жеткізбеймін деген. Бірақ сайлауда жеңіске жеткен соң не өзі, не жақтастары соғысқа байланысты әлі ешқандай жоспар ұсынған жоқ. Оның ойын БАҚ беттеріне шығып кетіп жатқан ақпараттар мен айналасына жинап жатқан кандидаттар арқылы түсінуге болады.
Reuters агенттігі жазда Трамптың алдыңғы президенттігі кезінде кеңесшілері болған генерал Кит Келлог пен Фрейд Флейтц жасаған жоспар бар екенін жазған. Олар Украина Ресеймен келіссөзге келісу үшін көмек беруді тоқтату керек депті. Егер Мәскеу келіссөзден бас тартса, Киевке көмектесеміз деп қорқытуды ұсынған. Флейтц жоспардың Трампқа ұнағанын, бірақ барлық сөзімен келіспегенін айтқан.
Wall Street Journal басылымы Трамптың жеңісінен кейін оның командасының жоспары туралы материал жариялаған. Газеттің жазуынша, болашақ президенттің командасы бірнеше сценарий қарастырған. Бәріне ортақ бір сипат – қазіргі әкімшіліктің Украинаға беріп отырған көмегін қанша керек, сонша қысқарту. Трамптың ұлы әкесінің жеңісінен кейін әлеуметтік желіде «Зеленский пособиядан айырылатын болды» деп қалжыңдаған.
WSJ басылымы сценарийлердің тағы бір ортақ қырын жазды. Ол: дәл қазіргі фронт бойынша соғысты тоқтатып, Украинаны НАТО-ға қабылдауды шегере тұру керек. Байденнің әкімшілігі де Украинаның альянсқа кіру туралы өтінішіне келісім берген жоқ. Зеленский Вашингтонға барғаннан кейін америкалық БАҚ «АҚШ Зеленскийдің жоспарына сенімсіз қарады» деп жазған. Le Monde басылымы президент сайлауына дейін Киевтің НАТО-ға кіруіне байланысты АҚШ-тың позициясы өзгерді, айтарлықтай қарсылық жоқ деп жазды.
Reuters агенттігі Трамптың жеңісі Украинаның альянсқа кіру мүмкіндігін едәуір азайтады дейді. WSJ басылымы Трамптың командасы алдағы жиырма жылда Украинаның НАТО-ға кіруден бас тартуын талқылаған. Оның орнына АҚШ Ресей әскерін ұстап тұру үшін қару-жарақ беруі мүмкін. Бұл жоспардың ішінде екі жақ демилитаризациялаған зона жасап, ол жерге еуропалық бейбітшілік орнатушы әскерді орналастыру қарастырылған.
Трамп кімді АҚШ-тың Украина бойынша арнайы өкілі етіп тағайындайтынына да көп нәрсе байланысты. Қазір Ақ үйде бұндай қызмет жоқ. Бірақ Reuters агенттігі Трамп сондай қызмет жасауды ойлап отыр. Бұл орынды Трамп АҚШ-тың Германиядағы бұрынғы елшісі Ричард Гренналаны лайық көріп отырса керек. Былтыр ол соғысқа және Украинаның тез арада НАТО-ға қабылдануына қарсы шыққан. Путин Трамптың соғысты тоқтатамын дегеніне «құрметпен қараймын» деген.
Еуропа мен өзге елдердің позициясы
Украинаның еуропалық одақтастары конфликтіні бейбіт жолмен шешудің жолын әлі ұсынған жоқ. ЕО-ның ұстанымы: Мәскеумен келісім жасауды тек қана Киев шешеді, сол уақытта Еуропа Киевті қаржылай, қарумен және Ресейге қарсы санкциялармен қолдап отырады.
Соғыстың аяқталуына байланысты мемлекеттердің ойы әртүрлі. Киевтің одақтастарының ішіндегі ең қатал позиция ұстап отырғаны – Германия. АҚШ-тан кейінгі ірі көлемде көмек беріп отырса да, канцлер Олаф Шольц Украинаның НАТО-ға кіруіне қарсы. Себебі Ресей альянспен тікелей қақтығысқа барады деп қорқады. Бұл ойын Путин «Орешник» зымыранын қолданып, Еуропаны қорқытқанда да өзгерткен жоқ.
Париж «жеңіс жоспарын» қолдайтынын көптің алдында мәлімдеді. Венгрия Киев пен Мәскеу дереу келіссөз жасау керек дейді. Ұлыбритания АҚШ қару-жарақ беруді, қаржылай қолдауды азайтса да, көмек беруді тоқтатпаймыз деп отыр. Және Киев өз жерінен ешқашан бас тартпауы керек деп есептейді. Лондон Storm Shadow зымырандарын қолдануға ресми рұқсат етпесе де, іс жүзінде Украина оны қолданып жатыр.
Украинаның Еуропадағы басты одақтастарының бірі Чехия болса да, оның президенті Петр Павел соңғы уақытта «100 пайыз бейбіт келісімге келу мүмкін еместігін» бірнеше рет айтты. Павел Украина соғыс аяқталған соң шекарасының бір бөлігі «уақытша» болса да Ресей иелігінде қалатынына көну керек деді.
Bloomberg агенттігі Түркия президенті Ердоғанның да ұсынысы барын жазды. НАТО құрамында бола тұра Мәскеумен байланысын үзбеген бір мемлекет осы – Түркия. Анкараның араағайындығымен Киев пен Мәскеу арасында бидайға байланысты келісім жүзеге асты. Ердоған өзінің жоспарын «Үлкен жиырмалықтың» саммитінде айту керек болған. Оның жоспары бойынша Украина НАТО-ға кіру жоспарын он жылға шегеру керек және Донбастың шығысында демилитаризацияланған зона жасап, ол жерге бейбітшілік әскерін орналастыру керек. Аннекцияланған аймақтарды мойындау мәселесін кейінге шегеру керек деп есептейді Ердоған.
«Жаһандық оңтүстік» коалиция мемлекеттерімен бірге Қытай мен Бразилия «Бейбіт достар» платформасын ұсынды. БҰҰ-ның бас ассамблеясында өткен жиында платформа негізі ретінде алты пункт ұсынылды. Соғысты тоқтату, жағдайды реттеу, гуманитарлық көмек көрсетіп, тұтқындар алмасу, жойқын қаруларды қолданып, ядролық нысандарды атқыламау және ірі көлемдегі сауданы тоқтатпау. Сонымен қатар барлық мемлекеттер БҰҰ Хартиясын ұстану керек деген қорытынды жасалды. Онда ешқандай мемлекет бір-бірінің шекарасына қауіп төндірмеу керек деп жазылған.
Қазіргі соғыс жағдайы мен мемлекеттердің, үлкен ұйымдардың ұстанымдарына қарасақ, Украинадағы соғыс жақын арада тоқтамайтын сияқты. Негізгі қақтығыс болып жатқан фронтта ғана соғыс тоқтайтын болса, Ресей басып алған жерлерінен енді бас тартпайтындай. Ал Украина Ресей аннекциялаған жерлерін дәл қазір қайтара алмайды. АҚШ пен ЕО там-тұмдап көмек беріп, бұл соғыс әлі де созылатын сияқты.
Дәл қазір екі ел арасында келіссөз жүретінге түк ұқсамайды. Ресей дрондармен қайта-қайта шабуыл жасап, тұрғын үйлерді қиратып жатыр. Киевтің өзінде бірнеше үй қирап, Херсон мен Запорожьеде жарық өшті. Байден Украинаға көмек беру үшін конгрессмендерден тағы 24 млрд доллар сұрап отыр. Бұл ақшаны бөлуге рұқсат алғанша, әлі қанша адам қаза табатыны белгісіз.
Қасым Арықбай