Әлеумет

Каспийде қаза тапқан үш әскери қызметші Батыс Қазақстан облысында жерленді

26 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысында Каспий теңізіндегі қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді жерлеу рәсімі өтті.

1

Қаралы жиынға БҚО әкімі Нариман Төреғалиев, Құрылтай депутаттары Тұрарбек Тілемісов пен Мұратбек Мұхамедиев, БҚО прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы, Қарулы күштердің өкілдері, қоғам қайраткерлері және марқұмдардың қаруластары қатысты.

Жиналғандар қаза тапқан сарбаздардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Отан қорғаушылардың рухына Құран бағышталып, еске алу рәсімдері өткізілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік төлемдер мен материалдық қолдау қарастырылған. Сондай-ақ жерлеу және еске алу шараларын ұйымдастыруға көмек көрсетіледі.

Бұған дейін қаражат жинақтау үшін арнайы қор белгіленген. Жиналған қаражат қаза тапқандардың отбасылары мен зардап шеккендерге атаулы әрі ашық түрде беріледі. Бұл жұмыс мемлекеттік және құқық қорғау органдарының бақылауында болады.

Еске салайық, 25 қыркүйек таңертең Маңғыстауда қаза тапқан батысқазақстандық әскери қызметшілер Жеңіс Темірғалиев, Өмірбек Өмірзақ және Ақжайық Ғилаждың денелері арнайы рейспен Оралға жеткізілген еді.

Сол күні кешке Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғада қаза тапқан тағы бір әскери қызметші – сержант Мансұр Ғұмаровтың денесі Оралға жеткізілді. Онымен қоштасу рәсімі 27 қыркүйекте Ақжайық ауданының Жұбан ауылында өтеді.

Тегтер: сарбаз өлімі
Т. РАУШАНҰЛЫ
Т. РАУШАНҰЛЫ Т. РАУШАНҰЛЫ

Оқыңыз