Әлеумет

Қайрат Сатыбалдыдан тәркіленген «Байсат» базары әкімдікке берілуі мүмкін

Сатыбалды әулетінен тәркіленген «Байсат» базары өтпей жатыр .

Байсат

Алматыдағы ең ірі көтерме-бөлшек сауда орындарының бірі саналатын «Байсат» базары инвесторлардың қызығушылығын тудырмай отыр. Бұрын Қайрат Сатыбалдының отбасына тиесілі болған нысан бір жылға жуық уақыттан бері сатылымға шығарылғанымен, сатып алушы табылмаған.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нұрмахан Әділбеков мәлімдеді.

Оның айтуынша, аукциондар бірнеше рет өткізілгенімен, инвесторлар тарапынан өтінім түспеген.

«Бұл, бәлкім, сұраныстың аздығымен немесе инвесторларда мұндай көлемдегі қаражаттың болмауымен байланысты. Егер нысан сатылмаса, оны Алматы қаласы әкімдігінің коммуналдық меншігіне беру мәселесін қарастыруға болады», – деді комитет басшысы.

Мамыр айының соңында базардың үлесі кезекті рет аукционға қойылған. Алайда өтінімдердің болмауына байланысты сауда өткізілмеді деп танылған.

Бұған дейін, 2025 жылдың соңында «Байсат» базарын алдымен 28,6 миллиард теңгеге, кейін 26,7 миллиард теңгеге сатуға әрекет жасалған. Ал 2026 жылдың қаңтарында нысан бағасы барынша төмендетіліп, 24,7 миллиард теңгеге ұсынылғанымен, сатып алушы табылмаған.

«Байсат» базары – Алматыдағы ірі көтерме-бөлшек сауда орталықтарының бірі. Бұрын оны Қайрат Сатыбалдының ұлы Бауыржан Нұрсұлтанға қатысы бар компаниялар басқарған.

Тергеу барысында Қайрат Сатыбалды базардың негізгі бөлігін мемлекетке өз еркімен қайтарған. Ал ұлына тиесілі компаниялардың үлесі сот шешімімен мемлекет меншігіне тәркіленді. Тергеу кезінде базардың кезінде заң бұзушылықтармен және төмендетілген бағамен жекешелендірілгені анықталған.

Еске салайық, 2022 жылы Қайрат Сатыбалды «Қазақтелеком» және «Көліктік сервис орталығы» компанияларындағы аса ірі көлемдегі қаржы жымқыру ісі бойынша 6 жылға сотталған болатын. Кейін ол мемлекетке жүздеген миллиард теңгенің активтерін қайтарды. Олардың қатарында элиталық үйлер, әкімшілік ғимараттар, зергерлік бұйымдар, акциялар және теміржол инфрақұрылымы бар.

2024 жылдың тамызында сот Қайрат Сатыбалдының қалған жаза мерзімін бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырған еді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз