Қайрат Сатыбалдының ұлына тиесілі «Байсат» базарының бір бөлігі мемлекетке қайтарылды
Қайрат Сатыбалдының ұлына тиесілі «Байсат» базарының бөлігі мемлекетке
қайтарылды, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Іс қаралған сотта Байсат базарының заңсыз сатылғаны расталған. Кешенді сату барысында қызмет бейінін сақтау және иеліктен шығаруға тыйым салу туралы шарт талаптары сақталмаған. Мүлікті бағалау туралы есеп те міндетті сату шартынсыз жасалған.
Жалпы ауданы 4 221,4 м2 3 объектіден және 1,4 га жерден тұратын мүлік Бауыржан Нұрсұлтанға тиесілі "ҚазГерСтрой бірлескен кәсіпорны" ЖШС және "Astana Finansial Group" ЖШС өзара үлестес компанияларының меншігінде болған. Бұған дейін сотқа дейінгі тергеу аясында Қайрат Сатыбалды "Байсат" базарының басым бөлігін өз еркімен қайтарып берген болатын.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыұлының мемлекетке 55.4 мрлрд теңге немесе 120 млн доллар қайтарғанын хабарлады.
Агенттік Сатыбалдыұлына және өзге де адамдарға қатысты жүргізіліп жатқан тергеп-тексеру шеңберінде елден заңсыз шығарылған активтерді, оның ішінде қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын және өзге де мүлікті қайтару бойынша іс-шаралар қабылданып жатқанын хабарлады.
«Тек ағымдағы жылдың желтоқсан айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қабылдаған шаралардың нәтижесінде Қ. Сатыбалдыұлының жалпы сомасы 120 млн АҚШ долларына, яғни 55,4 млрд теңгеден асатын ақшалай қаражатын қайтаруды қамтамасыз етті» делінген хабарламада.