Қайтыс боларының алдында күйеуінің ұрғанын айтқан: Алматы облысында әйелдің өлімі тергеліп жатыр
Алматы облысында әйелдің өз-өзіне қол жұмсауына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Марқұмның туыстары отбасындағы жанжал мен зорлық фактілерін жан-жақты тексеруді талап етуде. Марқұмның әпкесінің айтуынша, 23 шілдеде әйел мен күйеуі арасында жанжал болған. Сол кезде ер адам оны ұрып-соғып, қолын сындырған деген болжам бар.
Алайда әйел бұл жағдайды бірден жақындарына айтпаған. 26 шілдеде, қайтыс болардан шамамен бір сағат бұрын, ол болған жайтты әпкесіне айтып берген.
Оған дейін әйел екі жасар егіз балаларын басқа әпкесінің қарауына қалдырған. Артынша өзіне қол жұмсаған.
Марқұмның жақындары оның өліміне әкелген барлық жағдайды анықтап, істің объективті әрі толық тергелуін талап етіп отыр.
Алматы облысының полиция департаменті бұл факті бойынша өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу бабымен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазір қажетті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның барлық мән-жайы тексеріліп жатыр.
Полиция екі тараптың да уәждерін зерттеп, қылмыстық іс аясында тиісті тергеу әрекеттерін жүргізуде.