Қазақ полицейлері ҰҚШҰ халықаралық турнирінде үздік нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды
Мәскеу облысында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Бас хатшысының Кубогына арналған XXII халықаралық кешенді жекпе-жек турнирі жоғары деңгейде өтті.
Биылғы жарыс Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналды және оған қатысушы елдердің күштік құрылымдары арасындағы бірлік пен достықты нығайтуға бағытталды. Бірнеше күн бойы татамиде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің үздік спортшылары бақ сынап, кәсіби шеберліктерін көрсетті. Турнирге Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей командалары қатысты. Сонымен қатар, Тәжікстан мен Вьетнамның Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі құрамалары құрметті қонақ ретінде жарысқа қосылды.
Қазақстан құрамасының намысын 16 полицей — 8 ер және 8 әйел спортшы қорғады. Біздің елдің спортшылары жоғары дайындық деңгейін танытып, жалпыкомандалық есепте 8 медаль жеңіп алды: 2 алтын, 2 күміс, 4 қола.
Бұл нәтижемен қазақстандық команда өз шеберлігін дәлелдеп, халықаралық аренада ел намысын лайықты қорғады. Жүлдегерлер қатарында Қостанай облысы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері Асқар Абдулла да бар. Ол 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, мықты қарсыластарын тізе бүктіріп, қола медальға ие болды.
“Мұндай халықаралық турнирлер тек спорттық шеберлікті арттырып қана қоймай, полиция қызметкерлерінің рухын көтеріп, өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл жеңіс – бүкіл қазақстандық полицейлер қауымының еңбегі мен дайындығының нәтижесі,” - деді жарыс қорытындысынан кейін Қазақстан командасының жаттықтырушысы.
Жарыс қорытындысы бойынша: бірінші орынды – Беларусь Республикасы Ішкі істер министрлігінің командасы, екінші орынды – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің құрамасы, үшінші орынды – Ресей Федерациясының командасы иеленді.
ҰҚШҰ Бас хатшысының Кубогына арналған бұл турнир жыл сайынғы дәстүрге айналған. Ол тек күштік құрылымдар арасындағы спорттық дайындықты жетілдірумен шектелмей, ұйымға мүше елдердің құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықты, тәжірибе алмасуды және бауырластық байланыстарды тереңдетуге бағытталған маңызды алаң болып саналады.
Биылғы бәсеке ерекше деңгейде өтті. Қатысушылар жоғары тәртіп, рух және кәсібилік танытып, достық пен спорттың шынайы мерекесін көрсетті. Қазақстандық делегация мүшелері өз елінің туын биік көтеріп, халықаралық деңгейдегі беделін тағы бір мәрте айқындады.