Қазақстан әлемдік мәдени кеңістіктегі орнын қалай қалыптастырып жатыр
Кейінгі бірнеше жылда Қазақстанның халықаралық мәдени кеңістіктегі ауқымы айтарлықтай кеңейді.
Ұлттық өнерді әлемге таныту, тарихи-мәдени мұраны жаңғырту және қазақстандық өнерпаздардың беделді халықаралық алаңдарға шығуына жағдай жасау бағытында бірқатар ірі жоба жүзеге асырылды.
Қазақстан мәдениеті әлем елдерінде таныстырылып жүр
Ұлттық мәдениетті шетелде насихаттаудың негізгі тетіктерінің бірі – Қазақстанның мәдениет күндері. 2023 жылы мұндай іс-шаралар Мысыр, Өзбекстан және Әзербайжанда өтті.
Соның ішінде Каирдегі бағдарлама Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына орай ұйымдастырылып, ауқымды мәдени шараларға ұласты. Мерейтой аясында Сұлтан әз-Захир Бейбарыс мешітінің ашылу рәсімі өтіп, гала-концерт пен сәндік-қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылды. Жалпы Бейбарыстың 800 жылдығына арналған 660-тан астам іс-шараға 130 мыңнан астам адам қатысты.
Кейін Қазақстан мәдениетінің күндері өтетін елдердің қатары Тәжікстан және Түрікменстанмен толықты. Ал 2026 жылдың ақпанында ұлттық мәдениет Катар жұртшылығына таныстырылды.
Қытаймен мәдени байланыс та жаңа деңгейге көтерілді. Бейжіңде Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдениет жылының ашылуына арналған гала-концерт ұйымдастырылды. 2025 жылы Қытай астанасында Қазақстанның осы елдегі алғашқы мәдени орталығы жұмысын бастады.
Венециядан Парижге дейін
Соңғы жылдары Қазақстан әлемдегі беделді көрме алаңдарына да шыға бастады. 2024 жылы еліміз алғаш рет заманауи өнер әлеміндегі ең ірі оқиғалардың бірі – Венеция биенналесіне ұлттық павильонмен ресми түрде қатысты.
Қазақстандық мәдени мұра мен өнер туындылары Париждегі Гиме Азия өнері ұлттық музейінде және Қытайдағы Тяньцзинь музейінде де көпшілік назарына ұсынылды.
Мәдени байланыс біржақты емес. Шетелдік жауһарлар да Қазақстан көрерменіне жол тартты. Астанадағы Ұлттық музейде Леонардо да Винчиге телінетін «La Bella Principessa» («Ғажайып ханшайым») туындысы көрсетілді. Сонымен қатар Өзбекстан, Әзербайжан және басқа да елдердің музейлерімен көрме алмасу жұмыстары жалғасты.
Қазақстандық өнерпаздар әлемдік сахналарда
Қазақстандық орындаушылардың халықаралық байқаулардағы жетістіктері де ел мәдениетін шетелде танытудың маңызды бөлігіне айналды.
2025 жылы отандық өнерпаздар Италия, Ресей, Беларусь, Латвия және БАӘ-де өткен халықаралық байқауларда Гран-при мен жүлделі орындарға ие болды. Олардың қатарында Әйгерім Алтынбек, Александр Лим, Алмагүл Батталиева, Ержан Максим және El Voice тобы бар.
Ал ерекше назар аудартқан мәдени оқиғалардың бірі – Димаш Құдайбергеннің Нью-Йорктегі әйгілі Madison Square Garden сахнасында өнер көрсетуі. Әлемнің танымал әртістері концерт беретін бұл алаңда қазақстандық әншінің өнер көрсетуі отандық музыканың халықаралық аудиторияға шығуының тағы бір көрінісі болды.
Әлем мойындаған ұлттық мұра
Қазақстан мәдени мұраны халықаралық деңгейде дәріптеуге де басымдық беріп келеді. Бұл бағыттағы негізгі серіктестердің бірі – ЮНЕСКО.
Қазіргі таңда Қазақстаннан ұсынылған 14 элемент Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген. Олардың қатарында қазақтың дәстүрлі «Беташар» ғұрпы да бар.
2025 жылы ЮНЕСКО хатшылығына тағы бес номинациялық өтінім жолданды. Олардың арасында «Салбурын», «Алпамыс» эпосы, киіз басу технологиясы, кесте тігу өнері және «Тақия» бар.
Қазақстанның мәдени мұрасы ИСЕСКО аясында да танылып келеді. Ислам әлемінің мұралар тізіміне «Ою-өрнек» және «Қармақшы жыраулары» номинациялары енгізілді.
2026 жылы ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасын ілгерілету жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді. Сонымен бірге Дүниежүзілік мұра комитетінің 48-сессиясында Маңғыстаудағы жерасты мешіттері мен оларға қатысты киелі орындарды тізімге енгізу туралы шешім қабылданды. Жаңа нысан құрамына Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата және Сұлтан-үпі кешендері енді.
Мәдени мұраны сақтау жұмыстары қалай жүріп жатыр?
Қазақстанның халықаралық мәдени кеңістіктегі белсенділігі ел ішіндегі тарихи мұраны зерттеу және сақтау жұмыстарымен қатар жүріп жатыр.
2023-2025 жылдар аралығында елімізде 85 ғылыми-реставрациялық жұмыс жүргізіліп, 150 археологиялық қазба және барлау зерттеуі ұйымдастырылды. Жұмыстар Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен көне Түркістаннан бастап Сауран, Сығанақ, Жанкент, Отырар, Сарайшық секілді тарихи орындарды қамтыды.
Археологиялық жұмыстарды бір жүйеге келтіру мақсатында Ұлттық археологиялық қызмет құрылды. Оның міндетіне қазба жұмыстарын бақылау, тарихи нысандар туралы деректерді жинақтау және еліміздің мәдени мұрасына қатысты бірыңғай ақпараттық жүйе қалыптастыру кіреді.
Осылайша, Қазақстанның әлемдік мәдени кеңістіктегі орны жекелеген концерт немесе көрмелермен ғана шектелмейді. Бір жағынан, тарихи мұраны зерттеп, сақтауға мән берілсе, екінші жағынан, ұлттық өнер мен мәдениет халықаралық сахналар мен музейлерге жүйелі түрде шығарылып келеді. Бұл Қазақстанның өзін әлемге мәдениеті мен тарихи мұрасы арқылы танытуына жаңа мүмкіндік беріп отыр.