Қазақстан мен Өзбекстан су саласын цифрландыруы мүмкін
Алматыда Қазақстан мен Өзбекстан премьер-министрлері Олжас Бектенов пен Абдулла Ариповтің төрағалығымен екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен Үкіметаралық комиссияның 21-отырысы өтті.
Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, су-энергетикалық ынтымақтастықты, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, экология және цифрландыру саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған жобалардың жай-күйі талқылаған.
Мәселен, су саласында екі мемлекет аумағындағы су тарату учаскелерін цифрландыру және автоматтандыру бойынша бірлескен қадамдар қаралды.
Сонымен қатар, машина жасау саласында Қазақстан мен Өзбекстан жыл сайынғы негізде электротехникалық өнімдер мен аккумуляторларды өзара жеткізу көлемін ұлғайту бойынша ынтымақтастықты кеңейтетін болады.
Жүк айналымын ұлғайтуға көлік саласындағы өзара байланыстарды кеңейту, теміржол инфрақұрылымын дамыту және «тар жерлерді» жою бойынша қабылданып жатқан шаралар ықпал етеді. Осыған байланысты тараптар «Дарбаза – Мақтаарал», Алматының айналма жолы, Достық стансасы жобаларын іске асыруға қызығушылық болғаны айтылады.
Отырыс қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен Үкіметаралық комиссияның 21-отырысының хаттамасына қол қойылды.
Айта кетейік, Қазақстан мен Өзбекстанға Орталық Азиядағы барлық сауданың 57%-ы тиесілі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы $4,5 млрд құрады, 2024 жылдың 4 айында оның көлемі $1,2 млрд-тан асты.