Әлеумет

Қазақстанда діни себеппен әскери қызметтен бас тартуға рұқсат берілмейді

Қазақстанда азаматтарға діни наным-сеніміне байланысты әскери қызметтен бас тартуға заң жүзінде мүмкіндік берілмеген. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков мәлімдеді.

Әскер

Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамада діни себептермен әскери міндеттен босату немесе балама қызметке ауыстыру жөнінде норма қарастырылмаған. Вице-министр мұндай мүмкіндік берілсе, көптеген шақырылушы өз сенімін алға тартып, әскери қызметтен жалтаруға тырысуы мүмкін екенін айтты.

«Біздің заңда діни себептермен әскери қызметтен бас тартуға болады деген норма жоқ», - деді Асқар Мұстабеков.

Сондай-ақ журналистер әскери бөлімдерде сарбаздардың діни рәсімдерін орындауына жағдай жасала ма деген сауал қойды. Министр орынбасарының сөзінше, әскери қызмет белгіленген күн тәртібі мен жарғы талаптарына сәйкес ұйымдастырылады және арнайы діни рәсімдерге арналған тәртіп қарастырылмаған.

«Әскерге келген әрбір жас сарбаз әскери бөлімнің белгіленген тәртібі бойынша қызмет етеді. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Конституцияға сәйкес, дін әскери сала мен саясаттан бөлек болуы тиіс. Қарулы күштер ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ерекше институт болғандықтан, оның қызметі де жеке қағидаттармен реттеледі», - деді вице-министр.

Осылайша, Қорғаныс министрлігі діни сенім әскери қызметтен босатуға негіз бола алмайтынын және Қарулы күштердегі қызмет ортақ ережелер бойынша жүзеге асырылатынын тағы бір мәрте растады.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз