Қазақстанда есірткі сақтағаны үшін жазаны жеңілдету ұсынылды
Қазақстан Ішкі істер министрлігі есірткіні өткізу мақсатынсыз заңсыз сатып алу, сақтау немесе тасымалдауды қылмыстық емес, әкімшілік жауапкершілікке ауыстыруды ұсынды. Бұл өзгеріс есірткі мөлшері ірі немесе аса ірі көлемге жатпайтын жағдайларға қатысты.
Тиісті ұсыныстар болашақ заң жобасына арналған құжатта көрсетілген. Ол «Ашық НҚА» порталында жарияланған.
Қазір Қылмыстық кодекстің 296-бабының 1 және 2-бөліктері есірткіні медициналық емес мақсатта қоғамдық орындарда қолдану, сондай-ақ өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау және тасымалдау үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастырады.
Енді ІІМ бұл нормаларды Қылмыстық кодекстен алып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізуді ұсынып отыр.
Есірткі сақтағандарға қандай жаза ұсынылды?
ӘҚБтК-ге жаңа 440-2-бап енгізу жоспарланып отыр. Оған сәйкес, өткізу мақсатынсыз ірі немесе аса ірі көлемге жатпайтын мөлшердегі есірткіні заңсыз сатып алғаны, сақтағаны немесе тасымалдағаны үшін:
🔹 30 АЕК (129 750 теңге) айыппұл немесе
🔹 10 тәулікке дейін әкімшілік қамау ұсынылады.
Бұл ретте есірткі заттары тәркіленеді.
Ал есірткіні өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау немесе өңдеу үшін:
🔹 40 АЕК (173 мың теңге) айыппұл немесе
🔹 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау қарастырылған.
Бұл жағдайда есірткімен қатар оны дайындауға немесе өңдеуге пайдаланылған заттар мен жабдықтар да тәркіленуі мүмкін.