Қоғам

Қазақстанда МЖӘ аясындағы алғашқы спорт нысанының құрылысы басталды

Атырау облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) аясында іске асырылып жатқан спортқа дарынды балаларға арналған алғашқы мектеп-интернат-колледждің құрылысы басталды. Нысанды 2027 жылдың мамыр айында пайдалануға беру жоспарланған.

1

МЖӘ механизмі шеңберінде жекеменшік әріптес нысанды жобалау мен салудан бастап, ол пайдалануға берілгеннен кейінгі 5 жыл бойы функционалдық және техникалық қызмет көрсетуге дейінгі толық циклді өз мойнына алады. Жобаның басты міндеті — толыққанды көпфункционалды спорттық-білім беру кешенін құру.

Жоба заманауи технологиялық корпустармен және тұруға жайлы жағдайлармен қамтамасыз етеді. 3,2 гектар аумақта 400 орындық оқу блогы, 300 орындық жатақхана, 13 жаттығу залы, бассейн, асхана, кітапхана, стадион, жүгіру жолдары, сондай-ақ баскетбол және волейбол алаңдары орналасады.

Бүгінгі таңда елде 16 облыстық мамандандырылған мектеп-интернат және 4 республикалық мектеп-колледж-интернат жұмыс істейді, онда 6 431 спортшы білім алуда. Дегенмен, Астана, Шымкент қалаларында, Алматы, Қостанай облыстарында, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстарында мұндай ғимараттар жоқ. Атыраудағы жоба пилоттық болып табылады және болашақта елдің басқа аймақтарында да осындай кешендер салу көзделіп отыр.

Жаңа кешенде Атырау облыстық интернатының оқушылары болып табылатын 400 спортшы (300 мектеп оқушысы және 100 колледж студенті) олимпиадалық спорттың 13 түрі бойынша даярланады.

Жобаны іске асыру спорттық резервті дайындау үшін принципті түрде жаңа жағдайлар жасауға, білім беру және стратегиялық процестерді тиімді енгізуге мүмкіндік береді, сондай-ақ Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдер спортын дамытудағы маңызды қадам болмақ.

Тегтер: спорт
Жангүл Есениязова
Жангүл Есениязова Жангүл Есениязова

Оқыңыз