Сараптама

Қазақстанда жаңа әуе компаниясы құрылды

Қазақстан жүк авиациясын дамытуға басымдық беріп отыр. Елде жаңа әуе тасымалдаушысы пайда болды. Бұл мәселе Үкімет отырысында талқыланып, премьер-министр Олжас Бектенов ірі жобаның жүзеге асу барысы туралы айтты.

Ұшақ

Премьердің сөзінше, Қазақстанды Еуразиядағы маңызды транзиттік авиациялық хабқа айналдыру үшін бірқатар шара қабылданған. Соның ішінде шетелдік әуе компанияларын тарту мақсатында авиаотын бағасы қайта қаралған.

«Мемлекет басшысы отандық жүк әуе компаниясын құруды тапсырды. Бұл жоба қазір жүзеге асырылып жатыр. Биыл қазан айында алғашқы жүк ұшағы Қазақстанға жеткізілуі тиіс», – деді Олжас Бектенов.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, жаңа жүк әуе компаниясына сұраныс жоғары. 2026 жылдың алғашқы төрт айында Қазақстан әуежайларында шамамен 50 мың тонна жүк өңделген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 180–190 мың тоннаға жетеді деп болжанған.

Министрдің мәліметінше, жүк тасымалы саласында цифрлық технологиялар енгізіліп жатыр. Мәселен, e-Freight электронды жүйесі арқылы жүкті рәсімдеу уақыты бір тәуліктен бір сағатқа дейін қысқарған.

Үкімет жүк авиациясын қолдау үшін бес жылдық арнайы жоспар қабылдаған. Соған сәйкес жүк ұшақтарын кедендік бажсыз әкелуге мүмкіндік беріліп, әуежай инфрақұрылымы жаңартылып жатыр. Сонымен қатар 2028 жылға дейін төрт жаңа әуежай салу жоспарланған.

Жаңа ұлттық жүк әуе компаниясы KTZ Air Cargo деп аталады. Ол 2025 жылдың қазан айында ресми тіркелген. Құрылтайшысы – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы KTZ Express.

Алайда кейін жобаға жеке капитал да тартылды. 2026 жылғы 30 наурызда компания акционерлері қатарына кәсіпкер Тимур Турловтың Turlov Private Holding компаниясы кірді. Қазір Турлов құрылымының үлесі 50,98 пайыз болса, KTZ Express-тің үлесі 49,02 пайыз болып отыр.

Forbes Kazakhstan мәліметінше, Тимур Турлов – елдегі ең бай әрі ықпалды кәсіпкерлердің бірі. Оның байлығы 2026 жылғы наурызда 5,2 млрд доллар деп бағаланған. Бұған дейін ол Қарағандыдағы «Сары-Арқа» әуежайының 60 пайыз акциясын сатып алған еді.

KTZ Air Cargo-ның негізгі бағыты Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азиядан Еуропаға және кері бағыттағы транзиттік жүк тасымалы болмақ.

Сонымен қатар Қазақстанның жүк авиациясы нарығында бәсеке де күшейіп келеді. Forbes.kz мәліметінше, Kusto Group өкілі Қанат Көпбаев та жүк әуе тасымалы бизнесіне кіріп, Jupiter Jet компаниясының 87 пайыз үлесін сатып алған.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан енді жай ғана транзиттік дәліз емес, толыққанды Еуразиялық авиациялық хаб болуға ұмтылып отыр. Бұл нарықта ел Парсы шығанағы мемлекеттерімен, Түркиямен, Кавказ және Шығыс Еуропа хабтарымен бәсекеге түспек.

Тегтер: ұшақ
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз