Live

Қазақстандағы АЭС құрылысының құны 16,4 миллиард долларға бағаланды

Қазақстанда салынатын алғашқы атом электр станциясының құны шамамен 16,4 миллиард доллар болады. Бұл туралы Қазақстанның Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.

Қазақстан

Оның айтуынша, қаржының 14,4 миллиард доллары тікелей екі энергоблоктың құрылысына жұмсалады. Ал шамамен 2 миллиард доллар инфрақұрылым, физикалық қауіпсіздік жүйелері мен кепілдік мерзіміне арналған отын шығындарын жабуға бағытталады.

— Бастапқы бағалау бойынша екі энергоблоктың құрылысы мен қажетті инфрақұрылымды қоса есептегенде шамамен 16,5 миллиард доллар қажет болады. Бұдан бөлек, физикалық қауіпсіздік жүйелері мен әлеуметтік инфрақұрылымға тағы 2 миллиард доллар қарастырылған, - деді Сәтқалиев.

Атом энергиясы агенттігінің мәліметінше, жобаны қаржыландыру мемлекетаралық келісімдер аясында берілетін экспорттық несие есебінен жүзеге асырылмақ.

Бұған дейін Алмасадам Сәтқалиев жобаны қаржыландырудың 85 пайызын Ресей несие түрінде беруі мүмкін екенін, ал қалған 15 пайызын Қазақстан үкіметі қамтамасыз ететін схема қарастырылып жатқанын айтқан.

Айта кетейік, сәуір айында агенттік басшысы екі энергоблоктан тұратын, әрқайсысының қуаты 1200 мегаватт болатын атом электр станциясының құнын шамамен 15 миллиард доллар деп бағалаған еді. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 14 миллиард доллар көлемінде айтылған болатын.

Бірінші энергоблок 2034 жылы іске қосылады

Сәтқалиевтің сөзінше, АЭС-тің алғашқы энергоблогын 2034 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Қазіргі уақытта инженерлік-іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал құрылыс алаңындағы негізгі жұмыстарды 2027 жылы бастау көзделген.

Бұған дейін Росатом Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салатын консорциумның жетекшісі болып таңдалған болатын.

Сондай-ақ 29 мамыр күні Астанаға жасаған сапары барысында Владимир Путин қатысуымен Қазақстан мен Ресей АЭС құрылысы бойынша ынтымақтастық шарттары туралы келісімге қол қойды.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз