«Қазақстандағы баспана бағасын тым қымбат емес» - Отбасы банк басшысы
Taldau Talks подкастында Отбасы банк басшысы Ләззат Ибрагимова мен экономист Елдар Шамсутдинов арасында Қазақстандағы тұрғын үй бағасына қатысты пікірталас болды.
Экономистің айтуынша, мегаполистердегі жылжымайтын мүлік бағасы 8,6%-ға өсіп, инфляция қарқынынан асып кеткен. Ал халықтың табысы баспана бағасының өсуіне ілесе алмай отыр. Соның салдарынан қазақстандықтар ипотеканы жиі рәсімдей бастаған.
Шамсутдиновтың пікірінше, төлем қабілеті бар нақты сұраныстың орнын несиелік сұраныс басқан. Бұған қоса, зейнетақы жинағын тұрғын үй алуға пайдалану мүмкіндігі де нарықтағы сұранысты арттырған.
Алайда Ләззат Ибрагимова бұл пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, соңғы 20 жылда Қазақстанда жыл сайын пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 5 млн шаршы метрден 20 млн шаршы метрге дейін өскен.
Банк басшысы баспана бағасы басқа тауарлармен салыстырғанда шамадан тыс өспегенін атап өтті. Оның пікірінше, «тұрғын үй тым қымбат болғандықтан арзандайды» деген ұстаным дұрыс емес.
Дегенмен статистикаға сүйенсек, 2016 жылы Қазақстанда жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа бағасы 252,7 мың теңге болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 617,5 мың теңгеге жетіп отыр.