15:15, 14 Тамыз 2024
Министрлік мектептердің 88%-да инклюзивті білім алуға жағдай жасалғанын айтты
Қазақстандық мектептердің 88%-да инклюзивті білім алуға жағдай жасалған. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Биыл алғаш рет психологиялық-педагогикалық қолдаудың үш деңгейлі моделі енгізілді. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу үшін қолдау көрсету кабинеттері мен жеке бағдарламалар үшін жаңа талаптар әзірленді.
«Қазіргі уақытта білім беру мекемелерінде 60 мың бала қажетті психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған. Бұл әрбір баланың сапалы білімге тең қол жеткізуі үшін жасалған маңызды қадам», — деп атап көрсетті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры Лаура Бутабаева.