Қазақстандықтардың қанша пайызы АЭС салуға қарсы
Сауалнамаға қатысқан респонденттердің 46,6% АЭС салуды қолдаса, 37,7% қарсы шыққан
DEMOSCOPE қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы қазақстандықтар арасында атом электр станциясын салуға байланысты өткізілген сауалнама нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
– DEMOSCOPE сауалнамасының нәтижесі Қазақстанда АЭС салуға қатысты қоғам пікірі екіге жарылғанын көрсетті. Сауалнамаға қатысқандардың 46,6% бұл бастаманы қолдайды. Оның 30,8% «әлбетте, қолдаймын»деп жауап берсе, 15,8%-і «қолдайтын сияқтымын» деп пікір білдірген. Ал 37,7% қазақстандық бұл бастамаға қарсы: 25%-і құрылыс идеясын мүлдем қолдамаса, 12,7% «қолдамайтын сияқтымын» деп жауап берген. Бір қызығы, бұл мәселеде қолдайтынын немесе қолдамайтынын нақты айтқан азаматтар саны басым, – деп жазылған сауалнама нәтижесі туралы хабарламада.
Сауалнама биыл 22 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Конрад Аденауэр қоры мен Рaperlab зерттеу орталығының қолдауымен жүргізілген.
Masa.media.kz жазуынша, зерттеушілер АЭС құрылысына қатысты халықтың пікіріне тұрғындардың бұл мәселе бойынша хабардар болу деңгейі қатты әсер ететінін айтқан.
Сауалнамаға респонденттер осылайша жауап берген:
- 36,8% үкіметтің атом электр станциясын салу жоспары туралы хабардар болмаған.
- 34,1% жақсы хабардар болған.
- 29,1% «естіген сияқтымын, бірақ егжей-тегжейлі білмеймін» деп жауап берген.