Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:15, 14 Ақпан 2024

«Қазақстанның құрметті азаматы» атағын 100 мың теңгеге сатып алуға болады – Депутат

Аманжол Әлтаев
Фото: из открытых источников

"Amanat" партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға ұлттық симвология орталығын құру туралы депутаттық сауал жолдады.

Мәжіліс депутаты рәміздердің барлық қазақстандыққа аманат екенін атап өтті.

“Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіз еліміздің бейнесін танытатын символдық мән-мағынаға ие қастерлі ұғым. Бірақ мемлекеттік наградалардың атауын, кейбір элементтерін қайталайтын түсініксіз ұйымдардың мән-мағынасы жоқ орден-медальдары, жалған атақтары жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені шын", – деді депутат.

Ол мұндай үрдістің ешкімге де абырой әпермейтінін баса айтты.

"Тіпті жеке адамдардың тойларында да жалған атақ пен құнсыз сөлкебайларды жыртыс таратқандай үлестіріп жатқанын көргенде көңілің құлазиды. Мысалы, сіз 50 мың теңгеге пысықай ұйымның "Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері" медалін, ал 100 мың теңгеге "Қазақстанның құрметті азаматы" жалған атағына ие боласыз”, – деді ол.

Депутат “ұлт ұстазы” атағын сөзіне қоса кетті.

“Сан ғасырлық тарихымызда “ұлт ұстазы” деген сәулелі сөзді қастерлеп халық лайық деп таныған Ахмет Байтұрсынұлына ғана айтатын едік. Қазір “ұлт ұстазы” деген атақты бар болғаны 10 мың теңгеге сатып алуға болады. Академик дегенде көз алдымызға Қаныш Сәтпаев сынды ғұлама-ғалымдар елестеуші еді. Қазір 200 мың теңге беріп, қаптаған түсініксіз академиялардың жалған академигі бола саласыз. Бұл – құрметтеу емес, қорлау. Қоғамды бүлдіретін үрдіс”, - деді ол.