Оқиғалар

Қазақстанның су ұйымын құру бастамасы БҰҰ-да талқыланды

Су қауіпсіздігі XXI ғасырдың ең өзекті жаһандық мәселелерінің біріне айналды. Климаттың өзгеруі, халық санының артуы, құрғақшылық пен трансшекаралық өзендерге түсетін жүктеменің күшеюі әлем елдерін су ресурсын басқарудың жаңа тетігін іздеуге мәжбүр етіп отыр.

1

 Осы бағытта Қазақстан халықаралық деңгейде тың бастама көтеріп, Біріккен ұлттар ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсынып отыр.

Бұл бастама Қазақстанның халықаралық күн тәртібіндегі су мәселесіне ерекше мән беретінін және жаһандық экологиялық қауіпсіздікке жауапты мемлекет ретіндегі ұстанымын айқындай түседі.

Жақында Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен «БҰҰ-80» бастамасының «Қоршаған орта» жөніндегі 27-жұмыс пакеті бойынша брифингте сөз сөйлеп, жаһандық су архитектурасын күшейту қажеттігін тағы да еске салды.

Қазақстан экологиялық проблемалардың орнықты даму, экономикалық тұрақтылық, адам қауіпсіздігі және бейбітшілік мәселелерімен тікелей байланысты екенін атап өтті. Қазір БҰҰ жүйесінде су мәселесіне қатысты өкілеттіктер ондаған құрылым, бағдарлама мен қор арасында бөлініп кеткен. Соның салдарынан қайталанатын жұмыстар көбейіп, жаһандық үйлестірудің тиімділігі төмендеп отыр.

Осыған байланысты Қазақстан су ресурстарын басқарудың халықаралық жүйесін жаңғыртып, институционалдық үйлестіруді күшейту қажет деп санайды. Сондай-ақ еліміз су мәселесін халықаралық саясаттың басым бағыттарының біріне айналдыруды ұсынып отыр.

Қазақстанның бұл бастамасы халықаралық деңгейде талқыланып жатыр. Афинада Қазақстанның Грекиядағы елшісі Тимур Сұлтанғожин «Global Water Partnership Mediterranean» ұйымының Атқарушы хатшысы Вангелис Константианоспен кездесіп, су қауіпсіздігі мен халықаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі Қазақстанның бастамасына ерекше назар аударылды. Аталған ұсыныс алғаш рет биыл сәуір айында Астанада өткен Орнықты даму жөніндегі өңірлік конференцияда жарияланған болатын.

Қазақстан тарапы жаңа ұйымның негізгі міндеті қазіргі әртүрлі халықаралық құрылымдар арасында шашыраңқы орналасқан су бағдарламаларын бір жүйеге келтіру екенін атап өтті. Грек тарапы да су ресурстарын интеграцияланған басқару, құрғақшылыққа бейімделу және ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдалану бағытында жұмыс істеу өте маңызды екенін атап өтті.

Қазақстанның бұл бастамасы еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатының маңызды бағыттарының біріне айналып келеді. Кейінгі жылдары Астана халықаралық деңгейде азық-түлік қауіпсіздігі, климаттың өзгеруі, ядролық қарусыздану және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелерін тұрақты түрде көтеріп келеді. Халықаралық су ұйымын құру туралы ұсыныс та осы саясаттың заңды жалғасы саналады.

Сарапшылардың пікірінше, егер бұл бастама жүзеге асса, БҰҰ жүйесіндегі су мәселелерін басқарудың тиімділігі артып, мемлекеттердің су саласындағы өзара іс-қимылы жаңа деңгейге көтеріледі. Ал Қазақстан жаһандық су дипломатиясын дамытуға нақты үлес қосып отырған елдердің бірі ретіндегі ұстанымын одан әрі нығайта түседі.

Еламан Өмірхан

Тегтер: су саласы
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз