Live

«ҚазМұнайГаз» басшылары неге 705 млн теңге сыйақы алады?

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Әсет Мағауовқа компания басшылығының сыйақысы мен бензин бағасына байланысты сұрақтар қойылды.

ҚазМұнайГаз

- Қазақстан бензині әлемдегі ең арзан елдердің бірі саналады. Кез келген жеңілдік тек нақты мұқтаждарға бағытталуы тиіс. Біз бензин мен дизельді оңды-солды, тек Қазақстанға емес, транзиттік көліктер мен көршілес елдердің азаматтарына да тарата алмаймыз, – деді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әсет Мағауов үкіметте журналистерге.

Оның айтуынша, компанияның басты міндеті – пайда табу және мемлекетке салық төлеу.

- Сол салық есебінен әлеуметтік осал топтарға нақты көмек көрсетіледі. Ал бізде керісінше – байға да, кедейге де бәріне бірдей таратып жатырмыз. Мұнай өнімдері – бұл мемлекеттің байлығы. Біз мұнай өңдеуді арттырсақ, шикі мұнай экспортын азайтамыз. «ҚазМұнайГаздың» міндеті – мұнай өнімдерінің қымбаттауынан түсетін салық көлемін көбейту, – деді Мағауов.

2023 жылы компанияның 17 топ-менеджеріне жалпы сомасы 705 миллион теңге сыйақы ретінде берілген. Бұл – әр басқарушы орта есеппен 40 миллион теңгеден астам қаражат алғанын білдіреді. Энергетикалық дағдарыс, жанар-жағармай тапшылығы мен халықтың наразылығы күшейіп тұрған тұста мұндай сома қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Алайда Мағауов бұл мәліметке қатысты нақты жауап беруден бас тартып, мұндай ақпараттың егжей-тегжейін өзінің білмейтінін немесе ресми мәлімет қажет екенін алға тартты.

- Сыйақы көп пе, аз ба менде ондай ақпарат жоқ. Қаржы блогына сұрау жолдаңыздар, олар әр адамға қатысты толық талдауын береді, – деп қысқа қайырды КМГ басқарма төрағасының орынбасары.

Сыйақы мәселесімен қатар, брифингте бензин бағасының өсуі де сөз болды. Журналистер жанар-жағармай бағасының бірнеше рет өсуіне қарамастан, компания басшылығының сыйақы алып отырғанын әділетсіздік деп бағалап отыр.

Қазақстанда соңғы айларда АИ-92 маркалы бензин бағасы 200 теңгеден асып, өңірлерде тапшылық байқалған. Үкімет пен мұнай-газ саласы бұл мәселені логистика, импорт пен нарықтағы сұраныс-пайдалану тепе-теңдігімен түсіндіріп келеді. Ал қоғам тарапынан мұндай уәжге сенім аз. Көпшілік «ұлттық компаниялар» атауын иеленген ұйымдардың халық алдындағы жауапкершілігі мен ашықтығы төмен екенін жиі көтеріп жүр.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Тегтер: ҚазМұнайГаз
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз