ҚазТАГ бас редакторы сот процесінің ашық өтуін талап етті
Үйқамақта отырған ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов Қазақстан президентіне бейнеүндеу жолдап, өзіне қатысты қозғалған қылмыстық қудалаумен және «жалған ақпарат таратты» деген айыппен келіспейтінін мәлімдеді. Сондай-ақ ол сот процесінің ашық өтуін талап етті.
"Мен сот процесінің жария әрі барынша ашық түрде өтуін талап етемін. Сотқа журналистер мен барлық ниет білдірушілердің еш кедергісіз қатысуына мүмкіндік берілуі керек. Өзім де сот отырысына офлайн форматта қатысқым келеді. Істің қоғамдық резонансын ескере отырып, процесті YouTube арқылы тікелей эфирде көрсету қажет. Менің жасыратын ештеңем жоқ. Ашық сотта өзімнің кінәсіз екенімді де, бұл қылмыстық істің қолдан жасалғанын да дәлелдей алатыныма сенімдімін, – деді Әмір Қасенов.
ҚазТАГ басшысы егер сот жабық форматта өтетін болса, наразылық ретінде аштық жариялауға дайын екенін де мәлімдеген.
Әмір Қасеновтің жұбайы Айгүл Қасенова бұл бейнеүндеу адвокатпен келісілмегендіктен, оның жариялануы күйеуіне қатысты бұлтартпау шарасының қатаңдатылуына себеп болуы мүмкін деп алаңдайды.
Ал Қасеновтің адвокаты Юлия Малюкова ҚазТАГ агенттігіне берген түсініктемесінде қорғауындағы азаматтың тергеудің әділдігі мен бейтараптығына деген сенімін жоғалтқанын айтты.
Freedom Finance шағымынан кейін іс қозғалған
Әмір Қасенов пен ҚазТАГ агенттігінің бас директоры Әсет Матаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалғаны 2025 жылдың соңында белгілі болды.
Істің қозғалуына Freedom Finance компаниясының арызы себеп болған. Компания ҚазТАГ жариялаған материалдарда «шынайылыққа сәйкес келмейтін мәліметтер, эмоциялық айыптаулар және бұрмаланған фактілер бар» деп мәлімдеген.
Freedom Finance материалдарда бірқатар елеулі қателіктер мен дәлсіздіктер кеткенін алға тартқан.
Кейін Әсет Матаевтың адвокаты Рена Керимова оның қорғауындағы азаматтан барлық күдіктер алынғанын хабарлады.
Қазіргі уақытта Әмір Қасеновке Қылмыстық кодекстің 274-бабы – «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша айып тағылып отыр.
Тергеу органдары Freedom Finance менеджерлерінің әрекетінен зардап шеккенін айтқан азаматтардың шағымдары туралы жарияланған материалдарды шындыққа сәйкес келмейді деп есептейді.
Ал ҚазТАГ редакциясы өз материалдарында жалған ақпарат жоқ екенін мәлімдеп, мақалалардың журналистерге жүгінген азаматтардың арыздарына негізделгенін айтады. Сондай-ақ редакция материалдар жарық көрер алдында компанияға ресми сауал жолдағанын, бірақ жауап алмағанын хабарлаған.
Алты айға жуық үйқамақта отыр
Әмір Қасенов 2025 жылдың желтоқсан айының ортасынан бері үйқамақта отыр.
Оған интернетті пайдалануға, байланыс құралдарын қолдануға және кәсіби журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынған. Мұндай шектеулер жарты жылдан бері күшінде қалып отыр.