Кенияда жанармай бағасының қымбаттауына қарсы халық жаппай наразылыққа шықты
Кенияда жанармай бағасының кезекті рет өсуіне байланысты жаппай наразылық акциялары өтті. Елдің түрлі қалаларында болған тәртіпсіздіктер кезінде төрт адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды.
Наразылықтар ел астанасы Найробиде және басқа да ірі қалаларда өтті. Демонстранттар жолдарды жауып, баррикадалар орнатып, автокөлік дөңгелектерін өртеген. Кей жерлерде полициямен қақтығыстар болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, тәртіпсіздіктер салдарынан 30 адам жарақат алып, жүздеген адам ұсталған. Халықтың наразылығына бензин мен дизель бағасының күрт қымбаттауы себеп болды. Билік бұл жағдайды Иран төңірегіндегі геосаяси шиеленіске байланысты жанармай жеткізілімінің бұзылуымен түсіндірді.
15 мамырдан бастап Найробиде бір литр бензиннің бағасы 214,25 кения шиллингіне (шамамен 1,65 доллар), ал дизель отынының құны 242,92 кения шиллингіне (1,87 доллар) дейін өсті. Бұған дейін елдің ішкі істер министрі тонау, зорлық-зомбылық пен вандализм жанармай бағасын төмендетпейтінін мәлімдеген.