Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:01, 02 Қараша 2023

Кеншілердің зарын Бөлекпаев айттырмайды

ам
Фото: из открытых источников

28 қазан күні Қарағанды ​​облысындағы Костенко атындағы шахтада метан газы жарылды. Жарылыс күші 2 шақырым аумақты қамтыды. Сол кезде жерастында 252 кенші жұмыс істеп жатқан болатын. Оның 206-сы жер бетіне шығарылды. Өкінішке қарай, 46 адам қаза тапты. 

Қаза болған кеншілерге байланысты 29 қазан Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Бірнеше кенші зардап шекті. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қазіргі күнде облыстық ауруханаларда 27 кенші түрлі жағдайда ем алып жатқанын мәлімдеді. Әкімнің айтуынша, бірінің жағдайы ауыр, екеуінің жағдайы бірқалыпты, қалғандары орташа дәрежеде жарақат алған. Зардап шеккен кеншілерге көмек көрсетіліп жатыр екен. «Барлық пациенттер қажетті медициналық көмек алып, емдеуден өтіп жатыр. Қаза тапқан әрбір кеншінің отбасына меморгандардың басшылары мен депутаттар бекітілді», – деді облыс әкімі. Облыс әкімі кеншілердің жағдайына байланысты қысқа-нұсқа сөйледі. Жалпы, бұған жауапты мамандар кеншілердің жағдайы туралы ашып айтудан қашады. Тек «тұрақты, жақсы» деген сөзден әрі аса алмай отыр. Алдын ала «солай» айтыңдар деген тапсырма берілген сияқты. Бұған дейін жерастында қаза тапқан кеншілер іздестіріліп жатқанда, жер бетіндегі кеншілерге полиция тарапынан қысым көрсетіліп жатқаны хабарланған. «Азаттық» радиосының жазуынша, көптеген кенші әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы – «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнаманы бұзу» және 400-бап – «Митингтерді ұйымдастыру тәртібін бұзу» бойынша ескерту алған және құжатқа қол қойған. Сондықтан олар журналистерді көрсе аузын ашып, басына бәле тілеп алудан қорқады. Кеншілердің туыстары да журналистерге ақпарат беруден сақтанып, олар туралы бар мәліметті әлеуметтік желіге салып жатыр.

Біз облыстық денсаулық сақтау басқармасына кеншілердің жағдайын білейік деп хабарласқанымызда да «бәрі жақсыдан» басқа сөз айта алмады.

«Қазір кеншілердің жағдайы тұрақты. Бір-екі күнде жағдайы жақсарғандары ауруханадан шығады. Енді оны нақты қай күні шығарылатынын айта алмаймыз. Алдын ала хабарлайтын боламыз. Бір кеншіміз жансақтау бөлімінде. Бірақ сауығып келе жатыр. Алған жарақаттарына келетін болсақ, басым бөлігі газдан уланған. Олардың жағдайын білем дейтіндерге ешқандай тосқауыл жоқ. Туыстары алдын ала келісім бойынша палаталарына кіре береді. Кеншілердің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Бар емін алып жатыр», – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Айнұр Қанатқызы.

...Кейде Қазақстан есік-терезесі ашық, іші інжу-маржанға толы зәулім сарайдай көрінеді. Әлі келгендер мен қолы жеткендер уыстап әкетіп жатыр. Пайдасын шетелдіктер көреді, зардабын қазақтар тартады. Бұлай дейтініміз, әділет министрі апатқа байланысты нақты кімнің жауапқа тартылатынын ашып айтпады. Миттал бұл жолы да сүттен ақ, судан таза шығатын сияқты. Тек әлі жеткендер мен қолы жеткендер уыстап әкетіп жатқан байлықтың бір тамшысы, олардың саусағының арасынан сусып түсіп қалып жатқан бір түйірі – қаза тапқан кеншілердің отбасына, зердап шеккен кеншілерге көмек ретінде берілсе екен.

             

          Бек Раушанұлы