Аймақ

Қылмысқа қарсы күрестің жаңа формуласы

Соңғы жылдары заңсыз ойын бизнесі, онлайн-казинолар мен қаржылық пирамидалардың қызметі көптеген мемлекет үшін ұлттық қауіпсіздікке, экономикалық тұрақтылыққа және қоғамдық әл-ауқатқа әсер ететін күрделі әлеуметтік құбылыс ретінде қарастырылып келеді.

хакер

Сарапшылардың пікірінше, заңсыз құмар ойындар мен қаржылық алаяқтық азаматтардың жеке қаражатына ғана зиян келтірмейді, сонымен қатар халықтың қаржы институттарына деген сенімін әлсіретіп, көлеңкелі экономика үлесінің артуына ықпал етеді.

Әлемнің көптеген елдерінде құқық қорғау органдары бұл бағыттағы жұмысты алдын алу шараларымен ұштастырып, цифрлық бақылауды күшейтуге, тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыруға және интернет кеңістігіндегі заңсыз платформалардың қызметін шектеуге басымдық береді. Қазақстанда да бұл мәселе мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда Түркістан облысында құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың мүлкін қорғау және қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері тұрақты бақылауға алынған.

Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеу мақсатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында өңірдегі криминогендік ахуалды жақсартуға бағытталған маңызды екі мәселе кеңінен қаралды. Атап айтқанда, Ұрлықтарға қарсы іс-қимылдың 2024-2026 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру аясындағы жұмыстардың орындалу барысы сараланып, мүліктік қылмыстардың, оның ішінде пәтер, автокөлік, мал, қалта және ұялы телефон ұрлығының алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі жан-жақты талданды. Сонымен қатар заңсыз ойын бизнесіне, онлайн-казинолар мен қаржылық пирамидалардың қызметіне қарсы күрес және олардың таралуына жол бермеу бағытындағы профилактикалық жұмыстардың жай-күйі талқыланды. Комиссия отырысында сөз сөйлеген облыс әкімі Нұралхан Көшеров құқық бұзушылықтың алдын алу жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық институттардың және бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.

«Өңірімізде қылмыстың алдын алу мақсатында аудан, қала әкімдіктері құқық қорғау органдарымен бірлесіп нақты іс-шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруы тиіс. Ұрлық жиі тіркелетін аудан-қалаларда бірлескен рейдтік шараларды күшейтіп, ұрлықтың алдын алу жұмыстарын жандандыру қажет. Сонымен қатар қаржылық пирамидалардың алдын алу, қаржылық алаяқтық пен лудоманияға қарсы күресті күшейтіп, экономикалық қылмыстардың деңгейін төмендетуге бағытталған нақты шаралар қабылдансын. Заңсыз ойын алаңдары бойынша аудан, қалаларда жан-жақты талдау жүргізіліп, алдын алу жұмыстары күшейтілуі керек. Барлық берілген тапсырмалар белгіленген мерзімде сапалы орындалып, атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы облыс әкімі аппаратына ақпарат ұсынылсын», – деді Нұралхан Көшеров.

Комиссияның алғашқы мәселесі бойынша Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев баяндама жасап, өңірдегі криминогендік жағдайдың негізгі көрсеткіштеріне тоқталды. Оның айтуынша, қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде облыста жалпы қылмыс деңгейінің төмендеу үрдісі байқалады. Бұл – профилактикалық жұмыстардың жүйелі жүргізілуінің және құқық қорғау органдарының жергілікті атқарушы билікпен өзара іс-қимылының нәтижесі. Сонымен қатар баяндамашы ұялы телефон және мал ұрлығы бойынша өсім тіркелгенін айтып, мұндай құқық бұзушылықтардың көбеюіне ықпал етіп отырған себептерге жан-жақты талдау жасады. Мәжілісте әсіресе Қазығұрт, Ордабасы, Сарыағаш, Сауран, Созақ, Келес және Төле би аудандарындағы ахуалға ерекше назар аударылды. Әрбір аумақтағы жағдай жеке қаралып, құқық бұзушылықтардың себептері, алдын алу жұмыстарының деңгейі және жауапты мекемелердің өзара іс-қимылы сараланды. Облыс әкімі аталған аудан және қала әкімдіктері мен құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысының тиімділігін арттыру қажеттігін айтып, жауапты басшылардың пікірлерін тыңдады. Сонымен бірге бейнебақылау жүйелерін кеңейту, малды таңбалау мен есепке алуды жетілдіру, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қоғам белсенділерін тарту сияқты ұсыныстардың маңыздылығына тоқталды.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мүліктік қылмыстардың алдын алуда жазаны күшейтуден бұрын профилактика жүйесін жетілдіру әлдеқайда тиімді нәтиже береді. Мәселен, Ұлыбритания, Нидерланд, Жапония және Сингапур секілді мемлекеттерде бейнебақылау жүйелерін кеңінен енгізу, «ақылды қала» технологияларын пайдалану, полиция мен жергілікті қауымдастықтардың өзара серіктестігін дамыту нәтижесінде көшедегі және мүліктік қылмыстардың едәуір азайғаны халықаралық зерттеулерде бірнеше мәрте атап көрсетілген. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірінші жедел басқармасының бастығы Диас Тобатаев баяндама жасап, заңсыз ойын бизнесіне, онлайн-казинолар мен қаржылық пирамидаларға қарсы атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен ақпарат берді. Ол заңсыз қаржылық схемалардың азаматтарды алдап, олардың қаражатын иемденудің түрлі тәсілдерін пайдаланып отырғанын айтып, мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жедел-іздестіру және профилактикалық іс-шараларға тоқталды. Әлеуметтанушы Айдана Қыдырнияздың айтуынша, соңғы бесжылдықта қаржылық пирамидалар дәстүрлі офлайн форматтан толықтай дерлік цифрлық кеңістікке көшкен.

«Әлеуметтік желілер, мессенджерлер және түрлі мобильді қосымшалар арқылы өзін инвестициялық жоба, криптовалюта платформасы немесе жоғары табыс әкелетін бизнес ретінде таныстыратын күмәнді ұйымдар көбейді. Сарапшылардың айтуынша, мұндай жобалардың басым бөлігі жоғары пайдаға қызықтыру, уақыттың шектеулі екенін көрсету және жаңа қатысушыларды тарту арқылы жұмыс істейді. Қаржы нарықтарын бақылаушы халықаралық ұйымдардың зерттеулерінде қаржылық пирамидалардың құрбандары әртүрлі әлеуметтік топтардың өкілдері екені көрсетілген. Олардың арасында жастармен қатар зейнеткерлер, мемлекеттік қызметкерлер және кәсіпкерлер де кездеседі.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (OECD) жүргізген зерттеулерде халықтың қаржылық сауаттылығы жоғары мемлекеттерде қаржылық алаяқтық құрбандарының үлесі төмен болатыны атап өтіледі. Ал Біріккен ұлттар үйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы мен халықаралық қаржы сарапшылары интернет арқылы жасалатын экономикалық қылмыстардың жылдан-жылға күрделене түсіп жатқанын, олардың трансшекаралық сипат алып отырғанын бірнеше рет ескерткен. Заңсыз ойын бизнесі де бүгінгі күні жаңа сипатқа ие болды. Егер бұрын мұндай қызмет негізінен жасырын ойын залдары арқылы жүзеге асса, қазір оның басым бөлігі интернетке ауысты. Онлайн-казинолар тәуліктің кез келген уақытында қолжетімді болғандықтан, азаматтарды, әсіресе жастарды тәуелділікке тарту қаупі бірнеше есе артқан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары құмар ойындарға тәуелділіктің адамның психологиялық жағдайына ғана емес, отбасының әлеуметтік әл-ауқатына, еңбек өнімділігіне және қаржылық тұрақтылығына да елеулі әсер ететінін айтады. Осыған байланысты көптеген мемлекет лудоманияны қоғамдық денсаулық мәселесі ретінде қарастырып, алдын алу бағдарламаларын білім беру ұйымдары мен әлеуметтік қызметтердің қатысуымен іске асырады», – дейді зерттеуші.

Комиссия отырысында да тұрғындар арасында қаржылық сауаттылықты арттыру, лудоманияның алдын алу, құмар ойындарға тәуелді азаматтарға қатысты талдау жүргізу, түсіндіру жұмыстарын күшейту мәселелері кеңінен қозғалды. Облыс әкімі бұл бағыттағы жұмысты тек құқық қорғау органдарының қызметімен шектемей, білім беру ұйымдарын, жастар ресурстық орталықтарын, үкіметтік емес ұйымдарды және бұқаралық ақпарат құралдарын тарта отырып жүргізудің маңызын атап өтті. Себебі алдын алу шаралары қоғамның барлық институттары жұмылған жағдайда ғана тиімді нәтиже береді. Жиын қорытындысында барлық жауапты мемлекеттік органдарға берілген тапсырмалардың орындалу мерзімдері нақтыланып, олардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуы қатаң бақылауда болатыны айтылды. Аудан және қала әкімдіктеріне құқық қорғау органдарымен өзара ықпалдастықты күшейту, қылмыстың алдын алу бойынша кешенді іс-шараларды жүйелі жүргізу, заңсыз ойын бизнесі мен қаржылық алаяқтыққа қарсы профилактикалық жұмыстарды жаңа деңгейге көтеру тапсырылды. Сонымен бірге атқарылған жұмыстардың нақты нәтижелері туралы облыс әкімі аппаратына белгіленген мерзімде толық ақпарат ұсыну міндеттелді. Түркістан облысында құқықтық тәртіпті нығайту, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экономикалық қылмыстардың алдын алу бағытындағы бұл жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.

С.Бақберген

Түркістан облысы

Тегтер: хакер
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз