Қытай Швейцарияда өтетін Украина бейбітшілік саммитіне қатыспайды
Қытай билігі 15-16 маусымда Швейцарияда өтетін Украинадағы соғысты реттеуге арналған бейбітшілік саммитіне қатыспайтынын мәлімдеді.
Reuters агенттігінің мәліметінше, шараға қатысудан бас тартуға әлемдік саммиттің Қытай көздеген бірқатар талаптарға сай келмеуі себеп болған.
«Кездесуді ұйымдастыру Қытайдың сұраныстары мен халықаралық қауымдастықтың жалпы үміттеріне сәйкес келмейді. Қытай халықаралық бейбітшілік конференциясына барлық тараптар тең дәрежеде (Ресей де, Украина да) қатысуы керек екенін үнемі айтып келеді, - деді СІМ баспасөз хатшысы Мао Нин журналистерге.
Ал, 30 мамырда Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров агенттікке Ресей мен Украинаға арналған бейбіт конференцияны Қытай ұйымдастыруы мүмкін екенін айтқан.
Айта кетейік, 26 мамырда Украина президенті Владимир Зеленский Харьковтағы қираған ғимарат фонында үндеу жариялап, Қытай мен АҚШ басшыларын Швейцариядағы саммитке келуге шақырды.
АҚШ президенті Джо Байден сайлау науқаны жүріп жатқандықтан саммитке қатыспайды деп күтілуде. Алайда, Ақ үй АҚШ өкілдері Швейцарияға баратынын айтқан. Бірақ делегацияны кім басқаратыны әлі жарияланған жоқ.
Бейбітшілік саммитіне Ресей шақырылмаған.
Фото: slovoidilo.ua