Қызылордада 20 оқушы уланып, ауруханаға жеткізілді
Қызылордада оқыс оқиға орын алды. Облыс орталығындағы №9 мектептің оқушысы сабақ үстінде бұрыш баллонын шашқан.
Салдарынан 20-дан астам жасөспірім уланып, ауруханаға жеткізілді. Бүгінде аталмыш жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Оқыс жағдай кеше кешқұрым болған. Зардап шеккен оқушылардың айтуынша, екі жасөспірім үшінші қабаттағы әжетханада бұрыш баллонын шашқан.
“Ағылшын сабағы басталған болатын. Бір кезде барлығы сыртқа жүгіре бастады. Улы иісті мен де сезіндім. Басым айналып, құсқым келіп, көзім қарауытып кетті. Жедел - жәрдеммен ауруханаға келдім. Қазір жағдайым жақсы”, - дейді оқушылардың бірі.
Қызылорда облыстық көпбейінді балалар ауруханасына 20-дан астам оқушы жеткізілді. Жас шамасы 7-12 жас аралығында. Оның ішінде бес оқушының жағдайы ауыр, балалар “Токсикология” бөліміне жатқызылды. Қалғандары дәрігер көмегінен кейін, амбулаториялық бақылауға жолданды.
“Қазіргі таңда мектеп ішінде бұрыш баллонын пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән - жайы анықталуда”, - деп мәлімдеді облыстық ПД баспасөз қызметі.
Айта кетейік, жақында ғана Қызылордада осыған ұқсас жағдай болған. Зардап шеккен оқушы әлі күнге дейін ауруханада жатыр.