Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:18, 02 Сәуір 2024

Қызылордада 500-ден астам балабақша қызметкері жұмыссыз қалуы мүмкін

1
Фото:

Қызылорда қаласында 40 - қа жуық жеке балабақшаға мемлекет тарапынан қаржыландыру тоқтатылды. Қолдаусыз қалғандардың барлығының бөбекжай ғимараттары коммерциялық нысан ретінде тіркеуден өтпеген екен.

Жергілікті кәсіпкерлер қалалық білім бөлімінің мұндай шешіміне қарсы. Ай - күннің амандығында 500-ден астам қызметкер тұрақты жұмысынан айырылмақ, деп хабарлайды Zhasalash.kz.

Қызылордадағы жеке балабақша иелері қалалық білім бөлімінің ескертпе қағаздарын бүгін алған. Ресми хатта құзырлы мекеменің мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының орналасқан ғимаратының нысаналы мақсатының сәйкестігі тексерілгендігі айтылған. Нәтижесінде біршама бөбекжай ғимаратының коммерциялық нысан ретінде тіркеуден өтпегендігі анықталыпты. Осыған байланысты үстіміздегі жылдың 1 сәуірінен бастап ғимараттың нысаналы мақсаты өзгертілмеген балабақшалар мемлекеттік тапсырыс аясында қаржыландырылмайтын болды. Бұл жаңалық көптеген кәсіпкерлерді алаңдатып отыр. Қалалық білім бөлімі не себепті ертерек хабар бермеді деп ашынып отыр.

"Алдын ала ескертпестен, өз алдарыңыза шешім шығару дұрыс емес. Қаншама бала , мемлекеттік балабақшаға кезегін күтіп шаршамай, қолжетімді бағада жеке балабақшаға барып жүр. Соның арқасында ата-аналарда үйінде отырмай жұмыстарын жасауда. Балабақша қызметкерлері не болады? Жалақыларын калай,қайдан алады? Қаншама отбасы жұмыссыз қалайын деп тұр. Шешімді өзгертуді сұраймыз", - дейді Сымбат Әбдіхалықова есімді кәсіпкер.

"Бүгін таңертең балаларды қабылдап алдық, жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр. Ескертпестен қаржыны тоқтатамыз деген не сұмдық? Қызметкерлердің жалақысын қалай тауып береміз? Неге кәсіпкерлерге мүмкіндік берілмеген", - деп ашынады тағы бір бөбекжай иесі.

Қазір Қызылордадағы жеке балабақша иелері қайда барып, кімнен көмек сұрарын білмей отыр. Бөбекжайда еңбек етіп, адал жолмен отбасын асырап жүрген қызметкерлердің де көңілдері күпті. Жергілікті қоғам белсенділері жағдайға араласып, мәселенің оңтайлы шешілуіне араласып жатыр.

"Қалалық білім бөлімі мен кәсіпкер арасындағы келісім - шарттың негізсіз тоқтатылғанының өзін 1 күн өткеннен кейін хабарлау да сыбайластықты дамыту ықтималдылығын тудырады. Бұл жағдайға облыстық прокуратурадан құқықтық баға беруін сұрайтын боламыз. 39 балабақшадағы екі мыңға жуық бүлдіршін білімсіз, 500-ден аса қызметкер жұмыссыз қалып отыр. Аймақ басшысы шұғыл араласуы қажет", - деді "Әділдік жолы" РҚБ Қызылорда облыстық филиалының жетекшісі Ләззат Бақтыбаева.

Айта кету керек, Қызылорда қалалық білім бөлімі әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Жуырда аталмыш мекеме басшысының ісі тәртіптік кеңесте қаралғаннан кейін қызметінен босатылған болатын.

Айнұр Төлешова

Тегтер: