Қызылордада ауыл чатына анайы хабарлама жіберген ауыл әкімі қызметінен кетті
Қызылорда облысы Қазалы ауданы Сарыкөл ауылдық округінің әкімі абайсызда ауыл чатына анайы мазмұнды хабарлама жіберген.
Бұл жағдай жергілікті тұрғындардың ашуына тигенге ұқсайды. Осы оқиғадан кейін шенеунік арыз жазып, қызметінен кетті.
Белгілі болғандай, Сарыкөл ауылдық округінің әкімі Байназар Еркусаев мемлекеттік қызметте көп жыл еңбек еткен азамат. Осыдан біршама уақыт бұрын зейнетке де шығыпты. Сарыкөл ауылын жеті жылдан аса уақыт басқарған. Әкімнің абайсызда жіберген хабарламасы әлеуметтік желілерге де тарап үлгеріпті. Осыдан кейін әкім қызметімен қош айтысты.
"Қазіргі таңда Байназар Еркусаев ауыл әкімі қызметін атқарып жатқан жоқ, өз еркімен жұмысынан кетті. Ауылдық округ әкімін жаңадан сайлау жұмыстары басталып жатыр", - деп мәлімдеді Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі.