Пезешкиан: Иран АҚШ-пен келіссөздерге сенімін жоғалтты
Иран президенті Масуд Пезешкиан Тегеранның Вашингтонмен келіссөздерге деген сенімі айтарлықтай әлсірегенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұған келіссөздер жүріп жатқан кезде жасалған соққылар, келісімдердің орындалмауы және санкциялардың жалғасуы себеп болған.
Пезешкиан АҚШ-пен бірнеше рет келіссөз жүргізілгенін, алайда олардың барысында қол жеткізілген уағдаластықтар кейін бұзылғанын айтты. Иран президентінің сөзінше, тараптар диалог жүргізіп жатқан кезеңдердің өзінде әскери соққылар жасалған.
"Сенім қалпына келмейінше, оларға сену қиын. Күн сайын бізге қарсы санкцияларды күшейтеді, қоқан-лоқы жасайды, соққы береді және жазбаша келісілген міндеттемелерін орындамайды", – деді ПезешкианCBS News-ке берген сұхбатында.
Соған қарамастан, Иран басшысы Тегеран келіссөздерден толық бас тартпайтынын жеткізді. Оның айтуынша, АҚШ бұған дейінгі міндеттемелерін орындап, сенімді қалпына келтіруге бағытталған қадам жасаса, тараптар келіссөз үстеліне қайта отыра алады.
Қазір Иран мен АҚШ арасындағы жанама келіссөздерде Қатар мен Пәкістан маңызды делдалдық рөл атқарып отыр. Бұған дейін осы екі елдің араағайындығымен жасалған меморандум Тегеран мен Вашингтон арасындағы келіссөздердің негізіне айналған еді.
Осы аптада Иран АҚШ-қа жаңа ұсыныс та жолдады. Жоспар белгілі бір шарттар орындалған жағдайда Ормуз бұғазын жеті күн ішінде қайта ашуды және одан кейін соғысты тоқтату мен басқа да мәселелер бойынша келіссөздерді жалғастыруды көздейді.
Пезешкиан бұған дейін БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде де дипломатиялық жолды жоққа шығармаған. Ол Иранның келіссөзге дайын екенін мәлімдегенімен, АҚШ-тың санкциялары мен әскери қысымын сынға алған.