Қызылордада блогерді «көріңнен қазып аламын» деген шенеунік қызметінде жүр

Әдетте мемлекеттік қызметкерлердің жұмысына қатысты жиі сын айтылады. Әсіресе олардың қоғаммен байланыс, адамдармен қарым-қатынас кезінде әдеп сақтамайтыны, тым дөрекі мінез көрсететіні үнемі талқыланады.
Бірақ бұдан қорытынды шығарып, жүріс-тұрысын түзеп жатқан шенділер аз. Жақында Қызылорда облысы Қазалы аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ақтілеу Бөрқұлақов жергілікті блогер Динара Дастеноваға хабарласып: «көріңнен қазып аламын» деп сес көрсеткен.
Қазалы ауданының тұрғыны Динара Дастенова жергілікті қоғам белсенділерінің бірі. Өңірдің өзекті мәселелерін әлеуметтік желілерде көтеріп, азаматтардың проблемасын шешуге өзінің септігін тигізіп жүр. Жуырда Динара Жетесқызы аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ақтілеу Бөрқұлақовпен соттасуға мәжбүр болғанын айтады. Айтуынша, мемлекеттік қызметкер блогердің ар-намысына тиетін сөздер айтып, бейәдеп мінез танытқан.
«Ақтілеу Бөрқұлақовтың әкесі Қазалы қоғамдық кеңесінің төрағасы. Өткен жылы Қазалыда Жаңқожа батырдың 250 жылдығы тойланған болатын. Сол мерейтой аясында ескерткіш орнатылу керек еді. Алайда батырдың ескерткіші кеш келді. Осы мәселені сынап, қоғамдық кеңес төрағасы пост жариялады. Сосын мен бұл мәселені ушықтырып, халықты дабыра қылмайық, күтейік деп пікір білдірген едім. Біраз уақыттан соң маған Ақтілеу хабарласып, балағаттай бастады. «Мойныңды жұлып аламын, көріңнен қазып аламын, ізіңнен қалмаймын» деп маған қоқан-лоқы көрсетті. Жазбаларымның барлығы сақтаулы. Осы жағдайдан кейін мен қатты ауырдым, інімдей жігіттен осындай ауыр сөздерді есту жаныма батты. Сосын мен құқық қорғау органдарына хабар беріп, арыздандым. Өйткені Ақтілеудің даусынан оның ішімдік ішкенін байқадым. Мемлекеттік қызметкердің жұмыс уақытында масаң күйде болуы тіпті сұмдық қой. Бірақ тәртіп сақшылары бөлім басшысын медициналық куәландырудан өткізбеді», – дейді Динара Дастенова.

Шағымданушының арызынан кейін іс сотқа жолданыпты. Сот процесі басталмас бұрын, Қазалы аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ақтілеу Бөрқұлақов Динара Дастеновадан кешірім сұрап, айтқан сөздеріне өкінетінін жеткізген. Осыдан кейін жергілікті блогер сотта бітімге келіп, өзара мәселені шешуге келісіпті.
«Сот процесінде кешірімімді бердім. Жақын сыйласатын азаматтардың да сөзін жерге қалдырғым келмеді. Алайда бөлім басшысынан қаражат талап етіп, ақша алғаным жоқ. Бірақ мені балағаттаған шенеуніктің әлі күнге дейін қызметте жүргендігі қатты таңғалдырады. Сонда мемлекеттік қызметкерге қойылатын талаптар қайда қалды? Неге осы мәселеге келгенде аудан әкімдігі жұмған аузын ашпай отыр? Әлеуметтік желі арқылы шендінің балағат сөздерін қаншама халық естіді. Сонда іс осылайша жылы жабылып қала бере ме?», – деп ашынады жергілікті блогер.
Біз болған оқиғаға байланысты пікір алу үшін Қазалы аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ақтілеу Бөрқұлақовқа хабарласқан болатынбыз. Алайда шенеунік телефон қоңырауымызға да, хаттарымызға да еш жауап бермеді. Арада бірнеше күн өткеннен кейін ғана хабарласты, алайда түсініктеме беруден бас тартты.
Бұдан соң біз Қазалы ауданының әкімдігіне хабарластық. Біздің сұрағымызға: «Сотта екі тарап өзара бітімге келді. Шағымданушы Динара Дастенова өзінің кешірімін берді. Бүгінде Ақтілеу Бөрқұлақов өз қызметінде, жұмысын жасап жүр. Біз өз тарапымыздан Қызылорда облыстық мемлекеттік қызмет істері агенттігіне іс жолдадық. Алдағы наурыз айында Әдеп кеңесінің отырысы өтеді, сол уақытта нақты шешім шығарылатын болады. Ақтілеу Бөрқұлақов аталмыш қызметке 2019 жылы тағайындалғанын жеткіземіз», – деп мәлімдеді Қазалы ауданы әкімдігінің аппарат басшысы Ринат Тілеп.
Қазір жергілікті әкімдіктің боқтампаз бөлім басшысына тісі батпай отырған сияқты. Әдеп кеңесі нақты қандай шара қолданатындығы белгісіз. Тіпті блогердің «мойнын жұлып алатын» шенеунік ескертумен де құтылуы мүмкін.
Айнұр Төлешова
Қызылорда облысы