Аймақ

Қызылордада бір күнде 600 отбасы қоныстой тойлады

Халық арасында «үйлі болу – күйлі болу» деген сөз бар. Баспана алу Қазақстан жұртының ең басты міндеттерінің бірі саналады.

1

 Өз үйің отбасының тұрақтылығы, әлеуметтік сенімі және болашаққа деген үміттің көрінісі сияқты. Бірақ елде көп санды қарапайым азаматтар үшін баспана алу үлкен проблема екені жасырын емес. Сондықтан кейінгі жылдары мемлекет тұрғындарды баспанамен қамту мәселесін әлеуметтік саясаттың басым бағытына айналдырып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірлерде де нақты нәтиже бере бастағаны байқалады. Мысалы, жақында Қызылорда облысында бір күнде 600 отбасы жаңа пәтер кілтін алды.

Қызылорда қаласының сол жағалауында орналасқан, құрамына 10 тұрғын үй кіретін жаңа кешеннің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қоныстой иелерінің қуанышына ортақтасуға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты. Бұл күні баспана кезегінде тұрған жүздеген отбасының көптен күткен арманы орындалды.

Кейінгі жылдары Қызылорда қаласының сол жағалауы өңірдегі ең қарқынды дамып жатқан аумақтардың біріне айналды. Бір кездері бос кеңістік болған аймақ қазір заманауи шағын аудан ретінде қалыптасып келеді. Мұнда тұрғын үйлермен қатар халыққа қажетті әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар да бой көтеріп жатыр.

Қазір сол жағалауда 169 нысан орналасқан. Соның ішінде 136 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл мыңдаған отбасының баспаналы болуына мүмкіндік жасады. Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында 20 әлеуметтік және 13 бизнес нысаны жұмыс істейді.

Қазір мұнда тағы 47 құрылыс нысаны салынып жатыр. Оның 25-і – көпқабатты тұрғын үй, 20-сы – кәсіпкерлік нысан, сондай-ақ бір аурухана мен бір емхана бой көтереді. Бұдан бөлек тұрғындардың қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз ету үшін Иса Тоқтыбаев көшесінен сол жағалауға өтетін төрт жолақты жаңа автомобиль көпірін салу жоспарланып отыр.

Қазір бұл шағын ауданда 25 мыңнан аса тұрғын қоныстанған. Мектептер, балабақшалар, сауда орындары халық сұранысына сай жұмыс істеп тұр. Қоғамдық көлік қатынасы да жолға қойылған.

Тұрғындарды баспанамен қамту мемлекет тұрақты түрде назар аударып келе жатқан маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі саналады. Ел президенті әр жолдауында халық үшін қолжетімді тұрғын үйдің маңызын атап өтіп, азаматтарды баспанамен қамту тетіктерін жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар береді. Осы тапсырма өңірлердегі нақты жобалар арқылы жүзеге асып жатыр деуге болады. Қызылордадағы біз сөз етіп отырған қоныстойды соның айқын көрінісі деп санаймыз.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімі Мұрат Ергешбаев жаңа тұрғын үйлердің маңызын ерекше атап өтті. «Қазір тұрғын үй кезегінде тұрған жерлестерімізге жалпы аумағы 33 мың шаршы метрден асатын 600 пәтердің кілтін табыстап отырмыз. Тұрғын үй кешенінің аумағында екі футбол, төрт спорт және ойын алаңы, тынығу аймағы, 250 орындық автотұрақ және үш коммерциялық нысан орналасқан. Алдағы уақытта да шаһар келбетіне сән беретін заманауи тұрғын үйлер бой көтереді. Меншікті баспана – тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенімнің кепілі. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! Әр шаңыраққа бақ-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін», – деді аймақ басшысы.

Айтпақшы, тұрғын үй кешенін салғанда халыққа қажетті инфрақұрылымды естен шығармау қажет. Тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру үшін әлеуметтік инфрақұрылымды қатар дамытуға басымдық беріп, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға көңіл бөлген жөн.

Қазақстанда кейінгі жылдары тұрғын үй саласын дамытуға бағытталған бірнеше мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылды. Бұрынғы «Нұрлы жер», «7-20-25», «Бақытты отбасы», «Шаңырақ», жастарға арналған жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар халықтың түрлі әлеуметтік санаттарына үй алуға мүмкіндік берді. Қазір бұл жүйелердің басым бөлігі «Отбасы банк» арқылы жүзеге асырылып, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жеңілдетілген несие мен жалдамалы тұрғын үй тетіктері ұсынылып отыр.

Әсіресе көпбалалы отбасылар, әлеуметтік осал топтар, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен бюджет саласы қызметкерлерін баспанамен қамту мәселесі мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып отыр.

Қызылорда облысында тұрғын үй құрылысының қарқыны жыл сайын артып келеді. Аймақ басшылығының мәліметінше, биыл тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 2 400 пәтер беру жоспарланған. Бұл мақсатқа бюджеттен 55 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Демек Қызылордада баспана мәселесін кезең-кезеңімен шешудің нақты жүйесі қалыптасып келеді деуге негіз бар.

Халықтың әлеуметтік көңіл күйіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі тұрғын үй мәселесі екенін жоғарыда айттық. Себебі баспанасы жоқ отбасының ертеңге деген сеніміне селкеу түсетіні жасырын емес. Сондықтан мемлекет үшін тұрғындарды үймен қамту әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды өлшемі саналады.

Қызылордадағы кезекті қоныстой осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесін көрсетті. Жаңа пәтерге қол жеткізген 600 отбасы үшін бұл күн өміріндегі ең маңызды сәттердің бірі болып отыр. Ал өңір үшін әлеуметтік дамудың нақты көрсеткіші саналады.

Жиын барысында Парламент Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов құттықтау сөз сөйлеп, ел ағасы Имамадин Зәкірұлы ақ батасын берді. Сондай-ақ тұрғын үйлерді сапалы салуға атсалысқан құрылысшыларға облыс әкімі Алғыс хат табыстады. Халықты тұрғын үймен қамту ел дамуындағы басты индикаторлардың бірі саналады. Демек бір күнде жүздеген отбасының шаңырағында шам жанып, балалар күлкісі естілгенін, өңірдегі әлеуметтік саясаттың жемісі деп бағалауға негіз бар.

Еламан Өмірхан

Қызылорда облысы

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз