Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:00, 17 Мамыр 2024

Қызылордада есірткі сатты деген күдікпен мұғалім құрықталды

Есірткі
Фото: aqmeshit-zhastary.kz

Қызылордада жаға ұстатарлық жағдай орын алды. Мектеп мұғалімдерінің бірі есірткі затын сату мақсатында сақтағаны үшін күдікті ретінде танылып, қамауға алынды.

Қазір тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды Zhasalash.kz.

Тәртіп сақшылары құрықтаған мұғалім облыс орталығына жапсарлас жатқан ауылда еңбек еткен. Белгілі болғандай, күдікті 6,8 және 9 сынып оқушыларына еңбек пәнінен сабақ берген. Бүгінде педагогтың есірткі затын жасөспірімдерге сату фактілері тергелуде.

"Қызылорда облысы полиция департаментінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен жедел-іздестіру шараларын жүргізуі нәтижесінде Қызылорда қаласының 34 жастағы тұрғыны аса ірі мөлшердегі есірткі затын сату мақсатында заңсыз сақтағаны үшін күдіктеліп ұсталды.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына оқшауландырылды, тергеу жалғасуда.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпараттар жария етілмейді", - деп мәлімдеді Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қараша айында Қызылордадағы мектептердің бірінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі оқушыға қатысты анайы әрекет жасағаны үшін қамалған болатын. Бүгінде аталмыш оқиға бойынша сот отырыстары жабық түрде өтуде.

Айнұр Төлешова

Тегтер: