Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:35, 25 Маусым 2024

Қызылордада шақалақтарды шатастырып алған мәйітхана қызметкері жазаға тартылды

1
Фото: ашық дереккөз

Қызылорда облысында жаға ұстатарлық жағдай орын алды. Мәйітхана қызметкері өз міндетіне салғырт қарап, нәтижесінде көз жұмған сәбилердің денесін ауыстырып алған, деп хабарлайды Zhasalash.kz.

Сұмдық жағдай өткен жылдың қыркүйек айында орын алған. Алайда заңсыздық біраз уақыттан кейін ғана сотта дәлелденіп, кінәлі қызметкерге шара көрілді. Белгілі болғандай, қала тұрғынының 4 айлық қызы емдеу мекемелерінің біріндегі жансақтау бөлімінде көз жұмған.

Осы кезде тағы бір ананың ұлы перзентханада шетінеген. Тәртіпке сәйкес, екеуі де мәйітханаға жеткізілген. Алайда мұндағы маман балалардың денесін ауыстырып алады. Қайғыдан қан жұтқан жас ана үйіне әкелген шақалақты өзінің өлі туылған ұлы деп ойлап, оған есім беріп, жерлеу рәсімін жасап үлгерген. Арада біраз уақыт өтсе де, медициналық мекеме қызметкерінің жасаған салғырттығы расталып, жан - жақты дәлел табылды.

"Талап қоюшыға келтірілген моральдық - психологиялық азаптың салдары сот отырыстарында толық дәлелденді. Сол қызметкерге қатысты тәртіптік шара көрілді.

Мекеменің бас дәрігаері қызметінен босатылды. "Патология - анатомиялық бюросы" тарапынан талап қоюшының пайдасына 1 миллион теңге моральдық шығын өндіріп, талабы ішінара қанағаттандырылды. Бүгінгі күні сот шешімі заңды күшіне енді", - деп мәлімдеді Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі.

Тегтер: