Қызылордадағы қауіпсіздік шарасын сақтамайтын мұнай компаниясы. Мүгедек болып қалған тұрғын әділдік сұрайды
Қызылорда облысындағы мұнай компаниясына тиесілі кен орнында дәнекерлеуші болып жұмыс істеген 43 жастағы Палуанбек Жақсылықов ауыр жарақаттан кейін мүгедектікке ұшырап, компаниядан әділдік сұрап отыр.
Екі жыл бұрын жұмыс барысында құлап, жұлынына зақым келтірген азамат І топ мүгедектігіне душар болып, тек мемлекеттен алатын жәрдемақымен күнелтіп отыр. Отбасында кәмелетке толмаған алты баласы бар Палуанбектің сөзінше, жұмыс орнында қауіпсіздік шаралары сақталмайды. Өндірістік жарақат алған кезде кен орнында медициналық пункт болмағандықтан, алғашқы көмек те көрсетілмеген.
«Құлағаннан кейін компания өкілдері бастапқыда кәмелетке толмаған балаларыма көмектесеміз деп уәде берді. Алайда біраз уақыт өткен соң, ешқандай көмек көрсетілмеді», – дейді П. Жақсылықов.
Айтуынша, компания басшылығы істі жылы жауып, өз жауапкершілігінен құтылғысы келгендей, бастапқыда миллион теңге қаржы беріп, бір жыл бойы жалақысын төлеп тұрған. Бірақ кейіннен өмір бойы жалақы төлеуге берген уәделерінен тайқып кеткен.
Ал «Кен-Ай-Ойл» ЖШС директоры Рүстем Шығамбаев болса, барлық көмектер көрсетілген деп бет бақтырмайды.
«Компания ем-дом, ота шығындарын, жылдық жалақысын төледі. Барлық көмекті көрсеттік, 7 миллионға дейін ақша аудардық. Бірақ өмір бойы жалақы төлеуге уәде берген емеспіз. Мен ешқайда қашып отырғаным жоқ, көмектен аянғаным жоқ, сотқа шағымданса, тіпті жақсы, сот шешімі не деп шығарады, сол бойынша заңды түрде төлеуге әзірмін», – дейді. Және мұнай компаниясымен келісімшартқа отырған сақтандыру компаниясы осы мәселемен айналысып жатқан көрінеді.
Қызылорда облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы өндірістегі жарақатқа қатысты тексеріс нәтижесінде жұмыс беруші мен жұмысшының кінәлілік деңгейін анықтаған. Комиссия «Жақсылықовтың кінәсі 35 пайыз, ал жұмыс берушінің кінәсі 65 пайыз болып белгіленді» деп шешім шығарған.
П.Жақсылықовтың адвокаты Азамат Марат «ҚР заңдары бойынша жұмыс барысында жарақат алған және І топ мүгедектігіне ұшыраған қызметкерге зейнет жасына жеткенге дейін өтемақы төленуі тиіс», деп сотқа арыз берген.
«Заң бойынша қызмет барысында жарақат алған жұмысшыға 2 мың АЕК көлемінде бір реттік төлем және жалақысы зейнетке шыққанға дейін сақталуы керек», – деді адвокат.
Қазіргі Палуанбек Жақсылықовтың отбасы тек мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақымен күнелтіп отыр. Тепсе темір үзетін шағында жарамсыз болып қалған азамат әділдік іздеп, соттан үміт күтеді.
«Бар үмітім сотта, әділ шешім шығарып, отбасымды қамтамасыз етуге көмектеседі деп сенемін», – дейді Жақсылықов.
Мұнай компаниясындағы дәнекерлеушінің ауыр жарақатынан кейін туындаған жағдай жұмысшылардың құқықтары мен өндірістегі қауіпсіздік мәселелерінің әлі де өзекті екенін көрсетіп отыр. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар тек Қызылорда облысында ғана емес, еліміздің көптеген өндіріс орындарында орын алып жатыр. Жұмысшылардың өмірі мен денсаулығын қорғау, еңбек жағдайларын жақсарту мен құқықтарын сақтау мәселелері әлі де шешімін табуды қажет етеді.
Осындай оқиғалар өндірістік жарақат алған қызметкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында «Еңбек кодексіне» жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейтуді қажет етеді. Мұндай өзгерістер өндіріс орындарындағы қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды, жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуын және еңбек жағдайларын жақсартуды қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Яғни «Еңбек кодексіне» өзгерістер енгізіп, жұмыс барысында жарақат алған қызметкерлерге, мүгедектік дәрежесіне қарамастан, өмір бойы өтемақы төлеуді міндеттеу керек. Бұл жұмысшылардың денсаулығын қалпына келтіруге және отбасын қамтамасыз етуге үлкен қолдау болары анық. Және әрбір жұмыс орнында алғашқы медициналық көмек көрсету пункттері міндетті түрде болуы керек. Бұл шаралар жұмысшыларға шұғыл көмек көрсетуді жеңілдетіп, ықтимал қауіптің алдын алуға көмектеседі. Қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында өндіріс орындарында тұрақты түрде ұдайы тәуелсіз тексерулер жүргізілуі қажет. Бұл жұмыс берушілердің өз міндеттерін дұрыс атқаруын бақылауға мүмкіндік береді.
Нұрбек Дәуренбеков
Қызылорда облысы