Әлеумет

Клебанов пен Кан Павлодардың жылу желілерін мемлекет меншігіне өткізді

Павлодар қаласының әкімдігі олигархтар Александр Клебанов пен Сергей Кан бақылауындағы «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ-ның қаланың жылу желілерін мемлекет меншігіне бергенін растады.

Сергей Кан и Александр Клебанов

Әкімдіктің мәліметінше, «Павлодар жылу желілері» ЖШС-нің активтері ресми түрде қала әкімдігінің коммуналдық меншігіне өткен.

«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ басшылығы мен жергілікті атқарушы органдар бұл шешімді бірлесіп қабылдаған. Билік өкілдерінің айтуынша, стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық нысанды мемлекет қарамағына өткізу жылумен жабдықтау жүйесін басқарудың тиімділігін арттырып, алдағы жылыту маусымдарының сенімді өтуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Әкімдік бұл қадамды мемлекет пен табиғи монополия субъектісі арасындағы ұзақмерзімді әрі тиімді ынтымақтастықтың бір бөлігі ретінде бағалап отыр.

Сондай-ақ кәсіпорын ұжымы толық құрамда жұмысын жалғастыратыны хабарланды. Қызметкерлердің жұмыс орындарын, кәсіби құрамын және еңбек құқықтарын сақтау активтерді беру кезіндегі негізгі шарттардың бірі болған.

Бұған дейін қандай даулар болған?

2023 жылдың 13 қыркүйегінде бұрынғы «ЦАЭК» АҚ басшысы, кәсіпкер Ерқын Әмірханов ҚазТАГ агенттігіне берген сұхбатында олигархтар Александр Клебанов пен Сергей Канға қатысты бірқатар мәлімдеме жасаған еді.

Оның айтуынша, Клебанов пен оның серіктестері уран кен орындарын иелену, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пайдаланған VIP-ұшақтар және басқа да активтерге қатысты түрлі схемаларды қолданған. Әмірхановтың сөзінше, бұл материалдардың барлығы Бас прокуратураға тапсырылған және кейін қылмыстық іске тіркелген.

2025 жылдың ақпанында Астана тұрғыны қала әкімі Жеңіс Қасымбекке «Астана-ЕРЦ» ЖШС-дегі мемлекеттің 50 пайыздық үлесі заңсыз жекешелендірілді деп мәлімдеген. Оның айтуынша, айналымы 11 млрд теңге болатын активтің үлесін Клебанов небәрі 85 млн теңгеге алған.

Ал 2025 жылдың маусымында «Павлодарэнерго» компаниясының мемлекеттік сатып алулар саласындағы заңбұзушылықтарға жол бергені туралы ақпарат тараған.

Бұған дейін, 2025 жылдың қазан айында Клебанов пен Канның Петропавл қаласындағы тозығы жеткен жылу желілерін де мемлекетке беру мүмкіндігі қарастырылып жатқаны хабарланған болатын.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз