Оқиғалар

Көлеңкелі отын нарығының ұлттық қауіпсіздікке әсері қандай?

Ұлттық қауіпсіздік – кез келген мемлекеттің егемендігі мен экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі тіректердің бірі.

Жанармай

Экономикалық қауіпсіздік, стратегиялық ресурстардың сақталуы, мемлекеттік шекараның сенімді қорғалуы және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес те ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі саналады. Әсіресе энергетикалық ресурстардың заңсыз айналымына тосқауыл қою мемлекет үшін стратегиялық маңызға ие. Себебі жанар-жағармайдың көлеңкелі саудасы бюджет кірісінің азаюына, ішкі нарықтағы тапшылықтың туындауына, бағаның тұрақсыздануына және трансұлттық қылмыстық топтардың қаржылық мүмкіндігінің артуына әкелуі ықтимал.

Қазақстанда соңғы уақытта жанар-жағармай материалдарының заңсыз тасымалына қарсы бақылау айтарлықтай күшейтілді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, биылғы жылдың 1-21 шілде аралығында мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінде жанар-жағармай материалдарын заңсыз шығаруға бағытталған 1 342 әрекеттің жолы кесілген. Заңсыз әкетілмек болған жанар-жағармайдың жалпы көлемі 112 тоннадан асқан. Бұл көрсеткіш көлеңкелі нарықтың әлі де белсенді екенін аңғартқанымен, құқық қорғау органдарының бақылау жүйесінің тиімділігі артып келе жатқанын да көрсетеді. Заңсыз әрекеттерге қатысы бар азаматтардың барлығы қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, қабылданып жатқан шаралар елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ішкі нарықты тұрақтандыруға және жанар-жағармайдың заңсыз айналымына тосқауыл қоюға бағытталған. Осыдан бір ай бұрын премьер-министр мемлекеттік шекарадағы бақылауды күшейтіп, жанар-жағармай тапшылығына жол бермеу үшін барлық уәкілетті органдарға қажетті шараларды қабылдауды тапсырған болатын. Қабылданып жатқан шаралардың нақты нәтижесі де байқала бастады. Мәселен, өткен аптада Қазақстан аумағынан екі тоннадан астам дизель отынын жасырын әкетуге әрекеттенген Қытай азаматтарының жолы кесілді. Құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 32 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл дерек шекарадағы бақылаудың формалды сипатта емес, нақты құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталғанын көрсетеді.

Бүгінде энергетикалық қауіпсіздік мәселесі әлем елдерінің ұлттық қауіпсіздік стратегиясында ерекше орын алады. Жанар-жағармайдың заңсыз экспорты Қазақстан үшін бірнеше бағыт бойынша қауіп төндіреді. Біріншіден, мемлекет ішкі тұтынушылар үшін бөлінген ресурстардан қағылуы мүмкін. Екіншіден, көрші елдермен арадағы баға айырмашылығы заңсыз табыс табуға ұмтылатын тұлғаларды көбейтеді. Үшіншіден, мұндай әрекеттер салықтан жалтару, контрабанда және ұйымдасқан қылмыстық схемалардың қалыптасуына жол ашады. Соның салдарынан мемлекет қаржылық шығынға ұшырап қана қоймай, стратегиялық өнімдерге қатысты бақылауды әлсірету қаупімен бетпе-бет келеді. Осы себепті де жанар-жағармайдың заңсыз айналымына қарсы күрес – ұзақ мерзімді мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты.

С.Бақберген

Тегтер: жанармай
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз